«Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет». Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасаған. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды». Бұл – Президенттің пікірі. Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында «Qarmet» металлургия комбинатына барғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев ондағы ахуал едәуір тұрақталып, кәсіпорын жаңғыртыла бастағанын жеткізді. Бұл қадам өндірілетін өнім көлемін арттыруға айтарлықтай үлес қосады. Президент «аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек» деп пәрмен берді. Ал онда қызмет ететіндер үшін келесі жыл «Жұмысшы мамандықтары» жылы боп жарияланды.
– Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Жолдауында полипропилен және полиэтилен шығаратын ірі өндірістік жобалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажеттігіне тоқталған Мемлекет басшысы «Үкіметтің басты міндетінің бірі – елді газбен қамтамасыз ету» деді. Жауаптыларға Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырды. Жолдауда елдің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру ісі де айтылды.
– Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, кадр даярлау ісін ілгерілету үшін елімізде шетелдің 23 белгілі жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастаған. Президент оларға мейлінше қолдау көрсетудің маңызына тоқталды.
Атап айтқанда, Президенттің айтуынша, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Сондай-ақ жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадр даярлауы қажет.
Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Су үнемдеу технологиясын ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет - Президент