Жолдау-2023: депутаттар банктер туралы заңға қатысты пікір білдірді

Almaty.tv
Almaty.tv
Абзал Құспанның айтуынша, жауапкершілікті барлық тарап мойнына алуы керек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда банктер туралы жаңа заң қабылдануы мүмкін. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін таппақ. Қазір қолданылып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың банктерге қатысты айтқан сөзін депутат Абзал Құспан қолдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соңғы кезде киберқылмыстардың көбейгеніне назар аударған мәжілісмен «жұрт алаяқтардың арбауына банк арқылы түсіп жатыр» дейді. Сондықтан жауапкершілікті барлық тарап мойнына алу керек.  

– Банктердің қосымша жауапкерішілігін енгізу қажет деп есептеймін. Дамыған Еуропа елдерінде мәселе әлдеқашан шешімін тапқан. Өйткені заңды түрде несиені тез ала алмайсыз. Алайда алаяқтан телефон нөмірін, куәлік көшірмесін пайдаланып, бірнеше минуттың ішінде кредит рәсімдеп тастайды. Бұған қашан тоқтау қоямыз? – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптегі мәліметтерді бұрмалау саладағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отырғанын мәлім етті. Президенттің айтуынша, 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен біртіндеп арзан несие беру шарасына көшуді ұсынды.

– Шынында, кәсіпкерлікті субсидиялай бермеу керек. Жемқорлық тәуекелі бар. Кейде нәтижесін бермейді. Бұл мәселе көптен бері айтылып келе жатыр. Банктерге ауыл шаруашылығы бағытына қатысты жеңілдетілген несиелерді беру мәселесін қарастыру керек екенін айтты. Дұрыс, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырды

Новости партнеров