|
01.09.2021 | 21:06
824

Педагог мамандарды дайындауға 1,2 триллион теңге бөлінеді – Президент Жолдауы

Қоғамда мұғалімнің мәртебесін арттыру турасындағы шаралар әрі қарай жалғаса бермек

Жаңа оқу жылында жаңа бастамалар. Елімізде алдағы үш жылда педагог мамандарды дайындауға 1,2 триллион теңге бөлінеді. Осылайша қоғамда мұғалімнің мәртебесін арттыру турасындағы шаралар әрі қарай жалғаса бермек. Ал, бүгінде мектептердегі орын тапшылығы 225 мыңға дейін жеткен. Президент жолдауында бұл мәселе де назардан тыс қалмайды деді. Мемлекет басшысы сала басшыларына 2025 жылға қарай елде судай жаңа мың мектеп салу міндетін қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Пандемия салдарынан туындаған қашықтан оқыту тәсілі білім жүйесіндегі олқылықтардың бар екенін көрсетті. Осы ретте Президент телекоммуникациялық жүйелерді жетілдіруді тапсырды.

«Пандемия кезіндегі қашықтықтан оқыту ұлттық телекоммуникациялық желі тиімділігінің қауқарсыз екенін көрсетіп отыр. Бұл – қарапайым базалық білімді толық меңгере алмаған оқушылар санының күрт өсуіне әкелді. Сонымен қатар, білімнің маңызын сезінбеген балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Осы түйткілдің шешімін табуды үкіметке тапсырамын. Атап айтсақ, қашықтан оқытуға арналған ақпараттық жүйе сапасының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ету керек. Біздің білім қолжетімді және инклюзивті болуы тиіс», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұстаздың жағдайын жақсартпай, білім сапасын арттыру мүмкін емес. Мемлекет басшысының былтырғы жолдауындағы тапсырмасына сәйкес биыл мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артып, бұл салаға қызығатын жастардың қатары көбейген.  

«Тек қана біздің еліміздегі емес, бүкіл әлемдік кешегі сындарлы жағдайда елімізде атқарылған үлкен-үлкен істерге тоқталды. Атқарылған істерге қарай, арқамызды кеңге салмай, болашаққа көптеген жоспарлар қойды: соның ішінде педагогтарды көтеру, педагогтарға көмек, сонымен қатар жалақы көтеру жайлы болашақта», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті кафедрасының меңгерушісі Айнұр Көжекова.

Сәт сайын ілгерілеп жатқан әлем үдерісінен мұғалімдер де қапы қалмауы қажет. Ол үшін педагогтарды қайта оқыту бес жылда бір емес, әр үш жыл сайын жүргізілуі тиіс. Біліктілікті арттыру курстары шығынын мемлекет толығымен өз мойынына алу керек, деді Президент.

«Жақсы бір ақпарат келді. Бүгін ұстаздардың мектептегі біліктілігін арттыруды 5 жылда емес, 3 жылда бір рет  өткізу деген. Біз үшін педагогикалық университет ретінде бұл өте маңызды жаңалық. Себебі біз де өзіміздің университетіміздің сол мектептегі практик мамандардың педагогикалық әлеуетін арттыруға өз үлесімізді қосуға дайынбыз», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ректоры Гүлмира Қанай.

Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Мемлекет басшысы жағдайды түзетуге тапсырма берді. Енді білімсіз жастар сұранысқа ие техникалық мамандықтар бойынша тегін оқытылады..

Сымбат Ноғай, Нұрбол Әбдікәрімов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир