Маңғыстау облысында көлік тасжолға шығып кеткен екі түйеге соғылып, соның салдарынан бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қайғылы оқиға 10 желтоқсанда Жетібай-Ақтау тасжолында болған.
«Сағат 19:00 шамасында Ақтау қаласына қарай бет алған Chery Tiggo 8 Luxury көлігінің жүргізушісі 2 түйені қағып кеткен. Оқиға салдарынан 51 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды. 2 зардап шегуші жақын маңдағы ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің зардап шеккендерді үйіне шығарғаны нақтыланды», - делінген хабарламада.
Аталған дерек Қарақиян ауданы бойынша ЕРД ОП-на 3-бөлігі бойынша тіркелді. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша тіркеуге алынып, қажетті сараптамалар тағайындалды.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.