Алматының 3 ауданында көліктер жиі тоналады. Ұрылар көбіне арам ойларын Әуезов, Медеу және Бостандық аудандарында іске асырады екен. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қарақшылар әсіресе, дабыл қаққышы жоқ темір тұлпарларды аңдып жүріп тонайды. Сөйтіп, ішіндегі бейнетіркегіш, ұялы телефон және әмиянды қолды қылады. Сондықтан тәртіп сақшылары жүргізушілерді құнды заттарды көлікке қалтырмай, барынша сақ болуға шақырады.
«Қылмыскерлер көбінесе арнайы дабыл құрылғысымен жабдықталмаған автокөліктерге қарай ұмтылады. Сондықтан барлық автокөлік иелеріне айтатынымыз, өз мүлкіңізге өзіңіз сақтық танытып, қарапайым сақтандыру шараларын жүргізгеніңіз жөн болар еді», – дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Былтыр көлік тонаумен айналысқан 40 қылмыстық топ анықталып, 85 азамат жауапқа тартылған. Сонымен қатар, темір тұлпарды қолды еткен 16 топ жаза арқалапты. Қоғамдық орындарда бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша 55 іс тіркелген. Сондай-ақ, пәтер тонап келген 27 қылмыстық топ ұсталған.