Ішкі істер министрлігі өткен тәулікте болған қылмыстарға шолу жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораздың айтуынша, елімізде бірнеше қылмыс жасалған. Мәселен, Алматы облысындағы Талғар ауданының Кеңдала кентінде ер адам дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Бірақ дәрігелер оны ажалдан құтқара алмады. Тергеу кезінде ол адамның жарақатты қалай алғаны анықталды.
«Қайтыс болған ер адам мас күйінде жұбайын ұра бастаған, сол кезде қауқарсыз әйел көмекке өз інісін шақырған. Балдызын көрген жездесі одан сайын арқаланып, қолындағы пышағын сермей бастаған көрінеді. Оны тыныштындыруға тырысқан балдызы амалсыз соққы жасағанын айтып отыр. Жәбірленуші жерге құлап, басынан қатты жарақат алса керек. Оның үстіне соққы жасаған азамат кезінде бокспен айналысқан екен», - дейді Ораз.
Оның айтуынша, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тиісті сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.