Шымкент тұрғынын ойыншық тапаншамен қорқытып, ақшасын тартып алғандар ұсталды

CCO
CCO
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысының полицейлері фирма өкіліне қарақшылық шабуыл жасаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Ер адам түскі уақытта өзінің «Газель» көлігіне отырған сәтте оған шабуыл жасалған. Медициналық бетперде киген екі адам оны қарумен қорқытып, ішінде 700 000 теңгеге жуық ақшасы бар сөмкесін тартып алып, ізін суытқан.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тіркеді.

Жасалған қылмыстың ауырлығы мен ашықтан-ашық қорықпай жасалғанын ескере отырып, полицияда осы ауыр қылмысты ашуға бағытталған жедел-тергеу тобы құрылды. Аудандық полицейлерге көмек көрсету үшін облыстық полиция департаментінен бір топ жедел-іздестіру тобы келді.

Полиция қызметкерлері бір апта ішінде куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камерасының жазбаларын мұқият қарап, тексеріп шықты. Нәтижесінде жедел топ мүшелері күдіктілер мінген автокөлік пен оның мемлекеттік нөмірін анықтады.

Алайда, мемлекеттік нөмір жалған болып шықты. Полицейлер қылмыскерлерді іздестіруді ары қарай жалғастырды.

Осылайша тәртіп сақшылары күдіктілердің бірін Шымкент қаласының жалдамалы пәтерінен ұстады. Ол мегаполистің 3 рет сотталған тұрғыны болып шықты. Ұрланған ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Күдікті қамауда.

Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы қарақшылық шабуылға қатысушының екіншісін ұстау бойынша шаралар қабылдауда. Сондай-ақ, күдіктінің жәбірленушіні ойыншық тапаншамен қорқытқаны анықталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Новости партнеров