Алматы облысында дәрігерлер жүкті әйелдің асқазанын зақымдап, 3 қабырғасын сындырып жіберген

1tv.kz
1tv.kz
Аман босанған 33 жастағы әйелдің жатырынан аяқасты қан кетіп, дәрігерлер ота жасаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында дәрігерлердің қателігінен көз жұмған әйелдің отбасы әлі күнге дейін шындыққа қол жеткізе алмай жатқанын айтып, көмек сұрайды. Перзентханаға босану үшін өз аяғымен барған Дилмира Мақсутова ота жасалған соң, қайтыс болған. Артында 5 бірдей бүлдіршін қалды, деп жазды 1tv.kz.

«Сұрағанда қиналам. Бірақ қиналғанмен, шындықты айту керек. Мамаң ұшып кетті, аспанда жүреді деп айтамыз», – дейді марқұмның күйеуі.

5 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Бахар ауылының тұрғыны Радулин Самиев былтыр қазан айында толғағы жеткен жұбайын перзентханаға өз аяғымен апарғанын айтады. Алайда, аман босанған 33 жастағы әйелдің жатырынан аяқасты қан кетіп, дәрігерлер ота жасаған.

«Мен кіріп көрсем, әйелімде жан жоқ екен. Жаны шығып кеткен сағат 5-терде. Қолын, бетін ұстасам, барлық жері мұз боп қатып қалған . Аяғын ұстайын десем беліне дейін қайнақ су құйылған грелкаларды тізіп тастаған. Мынау қайтыс боп кетті ғой, не істеп жатырсыңдар десем, «Жоқ, сен олай деп айтпа, ол тірі» дейді дәрігерлер», – деді Радулин Самиев.

Марқұмның туғандары ота жасаған дәрігердің 40 минутқа кешігіп келгенін айтады. Сол аралықта оның көмекшілері Дилмира Мақсутованың ішін кесіп, жатырын ашқан. 3 сағатқа созылған операцияда дәрігерлер оның асқазанын зақымдап, жүрегіне массаж жасағанда 3 қабырғасын сындырып алған.

Дәрігерлердің салғырттығынан арты адам өлімімен аяқталған істен соң, аталған ауруханада өзгеріс те болмаған сияқты.

«Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан және біздің орталық аурухананың тарапынан әкімшілік шаралар қолданылды. Дәрігерлер оқуға жіберілді, осыған қатысы бар гинекологымыз өз еркімен жанұя жағдайына байланысты жұмыстан шықты», – дейді Ұйғыр аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Анвар Рашитов.

Қазір марқұмның туғандары сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Егер дәрігерлердің кінәсі анықталса, оған қатысы бар барлық тұлғаны міндетті түрде жауапқа тартпақ.

Новости партнеров