Алматыда тауға шығып кеткен 3 қыз құтқарылды

Алматыда тауға шығып кеткен 3 қыз құтқарылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тауға шығып кеткен 3 қыз құтқарылды, деп хабарлайды ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі.

«4 мамырда кезекші пультіне үш қыз тауда қалғаны туралы хабарлама түсті. Қыздар Көкжайлау шатқалына түнеп шықпақ болған. Күндіз күн шығып тұрғанда олар шатыр тігіп, тауда орналасқан. Ал кешке күн күрт суытып, жауынның арты қарға ұласқан. Ауа температурасы күрт төмендеген. Турист қыздар ауа райының бұлай құбылуына дайын болмаған. Жеңіл киініп алғандықтан, олар өз беттерімен таудан түсе алмай қалған», - делінген хабарламада.

6 құтқарушы шұғыл түрде тауға көтерілді. Түнгі 01:50 шамасында малмандай су болып, тоңған қыздар құтқарылды. Құтқарушылар оларды көрпемен орап, ыстық шай берген. Кейін құжаттарды рәсімдеген соң қыздар үйлеріне жеткізілді.

«Тауға шығар кезде ауа райы болжамын қарап шығуға кеңес береміз. Тауда қалаға қарағанда үнемі суық болады. Жылы киім, қажетті құрал-жабдық алғандарыңыз жөн», - деді құтқарушылар.  


Новости партнеров