Нұр-Сұлтанда автобустардың соқтығысуынан зардап шеккен 25 адам қалалық ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы елорда әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Апат таңғы 9.14-те үш автобус, екі жеңіл және бір жедел жәрдем көлігінің қатысуымен болды. Қазір 10.40-қа дейін автобустардан барлық жолаушыларды алып шықтық. Зардап шеккендер № 2 қалалық ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәліметтер бойынша, қаза тапқан екі адамды санамағанда, зардап шеккендер саны - 25. Оларды қазір тексеріп жатыр», – деді әкімнің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.
Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов та қазір оқиға орнында жүр.
«Ол жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, бәрінің туыстарына хабарлау туралы тапсырма берді. Қаза тапқандардың отбасына жәрдемдесіп, психологиялық көмек көрсетуді міндеттеді. Әкімшілік тарапынан қажетті барлық көмек көрсетіледі», – деді Жүргенбаева.
Бұған дейін Қабанбай даңғылы мен Ұлы Дала көшесі қиылысқан тұста жол-көлік оқиғасы болған. Онда үш автобус пен жеңіл автокөліктер соқтығысқан. Қала маңынан жүретін № 303 автобус №12 бағыттағы қоғамдық көлікті соққан. Кейінірек № 53 автобусқа және жедел жәрдем каретасына соқтығысқан.
Апат салдарынан автобус жүргізушісі мен жолаушы қайтыс болғаны анықталды.