Алматы қалалық Төтенше жағдайлар қызметі мен 109 қызметінің құтқарушылары бірлесе отырып, 14 мамыр күні кешкілік соққан дауыл мен нөсер жаңбырдың салдарын жойды, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сәрсенбі күні кешкі сағат 20.00-де Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Түрксіб аудандарында тұрғын үйлер мен басқа да су басу қаупі бар ғимараттарда алдын алу жұмыстары басталды. Құтқару қызметі бөлімшелерінің басты күштері мен құралдары қала көшелерінде желден сынған ағаштарды жинап және Алатау ауданында орналасқан жеке сектордың аулаларынан жаңбыр суын сорып шығарды», - делінген хабарламада.
Нөсер жаңбыр мен секундына 15 метр жылдамдықпен соққан желдің салдарын 35 қалалық құтқарушы 11 бірлік техника, 2 мотопомпа көмегімен ТЖД қызметкерлері және аудандық әкімдік күш біріктіре отырып жойды.
Естеріңізге салсақ, ауа райының күрт өзгеруінен және өткен сәрсенбі кешкілік мегаполисте жауған нөсердің салдарынан Алматының әр аумағында бір көше мен екі жеке ауланы су басып, 37 ағашқа зақым келген еді.
Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында соңғы бір жарым күнде құтқарушылар жағдайды бақылауға алып, апат салдарын жойды.
Апат салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары түнгі уақытта да бір минутқа тоқтаған жоқ және кейбір мекен-жайларда ол жұмыстар әлі жалғасуда.
«Қазгидромет» РМК Алматы филиалының хабарлауынша, 14 мамыр күні Алматыда дауыл болатыны алдын ала жарияланды. Екі күн ішінде мегаполисте 49,5 мм жауын-шашын түскен. Синоптиктердің болжамынша, жаңбырлы ауа райы 20 мамырға дейін жалғасады.