Түркістан облысындағы Шорнақ ауылында тұрмыстық жанжалға қатысқан 4 азамат ұсталды, бір полицей зардап шекті. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, Түркістан облысы Шорнақ ауылында жастар арасында тұрмыстық жанжал болған.
«Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, салдарынан 1 учаскелік инспектор мен 3 тұрғын жарақат алды. Оқиға орнына дереу жеткен полицияның учаскелік инспекторы жарақат алғанына қарамастан, заңбұзушылықтың жолын кесті. Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысқан 4 азамат анықталып, ұсталды», – деді Тұрғымбаев онлайн брифингте.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Бұзақылық фактісі бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғымбаевтың айтуынша, арандатушылар осы оқиғаны пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздік жасауға шақырып, жалған ақпарат таратқан.
«Полиция бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Бұл үшін заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертемін. Ауылдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері өз жұмысын күшейтті. Қазір жағдай тұрақты», – деді ол.