«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы Алтынкөл темір жол стансасының басшысы парамен ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бюро таратқан ақпаратқа сенсек, күдікті сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан радиация нормасы шамадан асып кеткен вагондарды кедергісіз өткізу үшін жүйелі түрде жалпы сомасы 17 мың доллардан көп пара алмақ болыпты. 20 ақпанда күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оған қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалған.
Сондай-ақ, Алматы облысы бойынша Ұлттық бюро департаменті Алматы облысы Үйғыр ауданы әкімінің орынбасарына қатысты соталды тергеу жүргізіп жатқаны хабарланды.
«Ол демеу көрсеткені үшін жалпы білім беру мекемелерінің жетекшілерінен бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінген. Тергеу жалғасып жатыр», – деді Жанна Бастарова.