Жантүршігерлік автобус апаты: жүргізушіге шабуыл жасаған азамат қамалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Ауруханадағы 3 адамның екеуінде жағдай тұрақты деп бағаланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы автобус апатында жүргізушіге шабуыл жасаған азамат 2 айға қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қанға боялған асфальт. Әйнегі шашылған автобус. Жүруге жарамай қалған көліктер. Біздің түсірілім тобы апат аумағына барғанда әуелі көзге түскені - осы еді. Бірақ бәрінен де маңызды бір фактор бар. Ол – адам өлімі. Бір емес, бірнеше адамның, нақтырақ айтсақ, 3 азаматтың жанын қиып, тағы төртеуінің тәніне жара салған сол жағдай болмашы ғана кикілжіңнен басталған.

Алдын-ала болжамға сүйенсек, жанжалға себеп болған нәрсе – жолаушының жол ақысын төлемеуі. Куәгерлер оның қолындағы табақпен жүргізуші әйелді ұрғанын айтады. Басқарусыз қалған автобус сол мезетте 4 автокөлікке соғылған.

Кейіннен апаттың дерек-дәйегі нақтыланып, жолаушының жүргізушіні жалаң қолмен төпелей ұрған бейнежазбасы тарады. Қоғамдық көлік ішіндегі жанжал салдарынан автобус тізгіншісі есінен танып, рөл басқарусыз қалады. Сол мезетте автобус жол үстіндегі жолаушыны да, жиектегі автомобильді де сүйрей жөнеледі.

– Соққыдан құлаған адамдар жерде жатты. Еркек адамның қолы шығып жатқанын көрдім. Кеудешесі көтеріліп кеткен, – деді куәгер.

Куәгерлер қашпақ болған ер адамды полиция қызметкерлері келгенше күштеп ұстадық дейді. Ол «балама баруым керек» деген сылтаумен оқиға орнынан кетпек болған. Ал істің мән-жайын баян еткен жүргізуші ер адамның өз аялдамасынан өтіп кетіп, жол жиегіне тоқтауды сұраған. Жүргізуші тоқтамайды.

– Жалғызбасты ана, 2 баланы асырап отыр. Еңбек өтілі бар. Троллейбус айдаған. Жолаушылар «азанда ғана күліп жүрген кісі еді» деп айтып жатыр. Бұл жұмыста жетіскеннен жүрген жоқ. Таңғы сағат 4:00-де кетеді, 24:00-де келеді. Ер адамдардың әйел адамға күші келетін болып кетті, –деді автобус жүргізушісінің сіңілісі Айшолпан Бақытова.

– Бір оңбағанның кесірінен қаншама адам көз жұмден, – деді автобус жүргізушісінің әкесі Бақыт Шөкебаев.

Полиция департаменті күдіктінің Қылмыстық кодекстегі 2-бап бойынша тергелетінін жеткізді.

– Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 293-бабы (бұзақылық) және ҚР ҚК-нің 351-бабы (екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Осы бап бойынша ол 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал ауруханадағы 3 адамның екеуінде жағдай тұрақты деп бағаланды. Тек бір азамат апаттан ауыр соққы алған.

– 50 жастағы науқас 24 желтоқсанда жансақтау бөлімінен көпжарақат бөлімшесіне ауыстырылды. Жағдайы ауыр деп бағаланады. Оң динамика байқалады. Шок жағдайы жеңілдетілген. Автобус жүргізушісі – 36 жастағы әйел. Ми жарақаты, ми соғылуы, беттің жұмсақ тіндерінің бұзылуы диагнозымен нейрохирургия бөлімшесінде емделіп жатыр. Жағдайы тұрақты, – деді №7 қалалық клиникалық ауруханасы нейрохирургия бөлімі басшысының орынбасары Ильдар Құрмаев.

Бұған дейін апаттан зардап шеккендердің ішінде 15 жастағы жеткіншектің бары айтылған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы оның жеңіл жарақат алып, кейіннен амбулаторлық емге жөнелтілгенін жеткізді.

Айта кетейік, күдіктіге қатысты ақпар әлі де жаңарады.

Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мегаполисте автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып кетті

Новости партнеров