Алматыда сыныптас екі азамат кәріз құдықтарының 30 қақпағын ұрлаған

Алматыда сыныптас екі азамат кәріз құдықтарының 30 қақпағын ұрлаған
Ұсталған екі азаматта 46 жаста
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының «Жас Қанат» ықшамауданында қос сыныптас ұрлаған люк қақпақтарының саны 30-ға жеткен деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Полицейлер сұғанақтарды қолға түсіргенде олар тек 3 шойын қақпақты қолды қылғанын мойындаған еді. Бірақ, тексеріс кезінде күдіктілердің 30-ға тарта кәріз және арық жүйесінің қақпақтарын металл қабылдау нүктесіне өткізгені белгілі болды.

Еске сала кетсек, өткен апта түнде «Жас Қанат» ықшамауданында люк қақпақтарын үптеп кеткен екі адам ұсталған еді. Олар жолаушы тасымалдайтын шағын газельді түгелдей тұмшалап, шойын қақпақ ұрлаумен айналысқан. Тапқан олжаларын бірнеше металл қабылдау нүктесіне алдап өткізген екен. Метал алғыштарға өздерін «коммуналшылармыз» деп таныстырған қос сыныптас, бұрын аса ауыр қылмыс жасап, істі болған. Түрменің дәмін татса да, қылмыс жасауын доғармаған екеуге енді жаза қатаңдамақ.

«Екі азаматтың үстінен Қылмыстық кодекстің 188-бабының 2-тармағы бойынша іс қозғалды. Олардың көліктері дәйекті зат ретінде қылмыстық іске тіркеліп, қазір ІІБ төңірегінде. Қылмыстық кодекстің осы нормасы бойынша олар 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бірақ бұл екі азамат бұрын сотталған. Сондықтан, жаза мерзімі едәуір көп болады. Өйткені, бір қылмыс жасағаннан кейін нәтиже шығармай, тағы да қылмысқа бел буып отыр», - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Новости партнеров