«Эйр Астана» әуекомпаниясы жолаушыларды тіркейтін қызметкер қызға тап берген белгілі әншінің оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі әуекомпания өкілдерін сілтеме жасап.
Әуекомпания өкілдерінің мәліметінше, «Дос-Мұқасан» тобының солисті, әнші Мұрат Құсайынов қызметкерге қол көтерген.
Оқиға 2019 жылдың 14 сәуірі күні орын алыпты. Нәтижесінде, жолаушы елордадан Алматыға бағыт алған КС 852 рейсінен алынып тасталған.
Тасымалдаушының айтуынша, рейске отырғызып жатқанда әнші дауыс көтеріп, былапыт сөздер айтқан.
«Ұшу кезіндегі қауіпсіздік үшін экипаж оны тасымалдаудан бас тартқан. Соған ашуланған жолаушы әуекомпания барша жұрттың көз алдында ауысым басшысының маңдайына бір соғып, денсаулығына зиян келтірді», - деді компания өкілдері.
Әуекомпания қызметкерлері Нұр-Сұлтан әуежайының Ішкі істер желілік бөліміне жолаушыға қатысты сот алды тергеу жұмысын жүргізу және оны жауапқа тарту мәселесі бойынша өтініш жолдады.
Қазір әлгі қызметкер демалыста екен. Дәрігерлер оның денсаулығына жеңіл зиян келгенін мәлімдеген.
Айта кетейік, осыған дейін БАҚ беттерінде бұл әртістің әуежай қызметкеріне қол көтергені туралы ақпарат тараған болатын.