Карантин: Блок-бекеттерден мемлекеттік қызметкерлердің өтуіне шектеу қойылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматы шекарасындағы блок-бекеттердің жұмыс ережесі қатаң
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы шекарасындағы блок-бекеттердің жұмыс ережесі қатаң. Бұдан былай төтенше жағдай режиміне байланысты көлік жүргізушілеріне шектеу одан әрі күшеймек. «Nur Otan» бекеттердің жұмысын партиялық бақылауға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Осыған орай партияның Алматы қалалық филиалы құзырлы органдармен бірлесіп, көлік жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Карантин күшейтілгелі блок-бекеттердің жұмысы ерекше бақылауда. Бүгінде қаладағы 27 бекетті тәртіп сақшыларынан бөлек әскери қызметкерлер де тәулік бойы күзетіп тұр. Бекеттерден бұған дейін азық-түлік тасушылар, жедел-жәрдем, қоқыс шығарушылармен қоса, мемлекеттік қызметкерлер де арнайы анықтама қағазымен өте алатын еді. Бүгіннен бастап, мемлекеттік қызметкерлердің өтуіне шектеу қойылды. Енді олардың көрсеткен анықтама қағаздарының заңды күші болмайды.

«Қала шекарасынан өтуге құқығы бар қызметкерлердің тізімі бекітілді. Ол бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қатаң және тізімге енген қызметкерлердің саны анағұрлым азайды. Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалының қызметкерлері арнайы штаб құрамымен бірлесіп, олардың қатысуымен Наурызбай ауданына қарасты №18 бекетте көлік жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Штаб құрамында тәртіп сақшылары, прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері бар. Шара барысында тәртіпті бұзып, шекарадан өтпек болғандар да кездесті», – деді Nur Оtan партиясы Алматы қалалық филиалының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы  Борис ЖАПАРОВ

ШУМ:

– Қайда бара жатсыз, басшыңыздың рұқсат қағазы бар ма?

– Жоқ.

– Машинаңызды шетке қойыңызшы.

– Қазір біз анықтайық, сіз базада барсыз ба, жоқ па, егер жоқ болсаңыз сізге хаттама толтырамыз.

Түсіндіру жұмыстары барысында тәртіп бұзған көлік жүргізушілеріне алдымен ескерту жасалды. Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы қызметкерлері бекеттерді қатаң бақылауда ұстамақ. Ал, тәртіпке бағынбағандарға тиісті жаза қолданылады.

«Аталған өзгерістер 31 наурыз күні түнгі сағат 00.00-ден бастап енгізілді. Десе де ол күшіне бүгіннен, 1 сәуірде  енді. Бұл жасалып жатқан шаралар көпшіліктің қауіпсіздігі үшін. Сондықтан тұрғындардан түсіністік танытуын сұраймыз. Мұндай шектеулер 6 сәуірге дейін созылады», – деді №18 блок-бекетке жауапты маман Талғат БЕРКІМБАЕВ.

Алматыда карантин енгізілгелі осы бекеттен 6 мыңнан астам жеңіл көлікпен 500-ге жуық жүк көлігі қала аумағынан шықты. Бүгінде қаладағы бекеттерде жағдай карантиннің алғашқы күндеріне қарағанда тұрақталған.  Барлық жұмыс өз тәртібімен жүргізіліп жатыр.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров