Екібастұзда өрт сөндіруші 7 жастағы баланы аман алып қалды

ҚазАқпарат
ҚазАқпарат
Өрттің шығу себептері мен одан болған шығын анықталуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Екібастұз қаласында тұрғын үйдегі өртті өшірген өрт сөндірушілерге жоғарғы қабаттағы пәтерде бала қалып қойғаны туралы ақпарат келіп түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Екібастұз қаласындағы өрт туралы хабарлама №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің «101» нөміріне 8 желтоқсан күні сағат 15:34-те келіп түскен. Өрт Жүсіп көшесі 71-ші үйдің үшінші кіреберісі, төртінші қабатынан шықты», – деп баяндады тілшілерге Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. 

Оқиға орнына 5 минутта келіп жеткен өрт сөндірушілер үш бөлмелі пәтердегі балкон терезелерінің ағаш жақтаулары, ал жатын бөлмеде – жиһаз өртенгенін анықтады. Жалын 6 шаршы метр аумақты шарпыған. Төңіректің барлығы түтінге оранды. 5 адам өрт сөндірушілер келгенше үйден өздігінен шықты, деп атап өтті ТЖД-дан. Өрт сөндірушілер барлық пәтерлерді аралап шығып, түтінді аластап жіберді.

«Құтқарушылар жалын шыққан пәтерден бір қабат жоғары орналасқан пәтерде 7 жасар баланың қалып қойғаны туралы ақпарат келіп түсті. Баланың анасы түтіндеген пәтер есігін кілтпен ашқан соң, аға өрт сөндіруші Ефим Кузнецов оның ішінен 2014 жылғы баланы сыртқа алып шықты», – деп баяндады құтқарушылар. 

Баланы тексеріп шыққан дәрігерлер оған медициналық көмек қажет емес екеніне көз жеткізді. Жалын 28 минутта сөндірілді, деп қосып өтті департаменттен. Оқиға орнында Павлодар облыстық ТЖД жеке құрамының 10 қызметкері мен 3 техника, 103, 102 қызметтері және электр жүйесі жұмыс істеген. Өрттің шығу себептері мен одан болған шығын анықталуда.

Новости партнеров