Ұшақ апаты: оқиға орнына барлығы 77 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған

Ұшақ апаты: оқиға орнына барлығы 77 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған
Ауруханаға келіп түскендердің тізімі жарияланды және психологтар туған-туыстарымен жұмыс істеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмектесетін медициналық мекемелерде арнайы штабтар құрылып, ауруханаға келіп түскендердің тізімі жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі. 

Апаттан зардап шеккендердің барлығы Алматы қалалық нөмірі 4-інші клиникалық ауруханасына, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету орталығы мен «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығына» жеткізілді. Бүкіл медициналық мекемелерде арнайы штабтар құрылып, ауруханаға келіп түскендердің тізімі жарияланды және психологтар туған-туыстарымен жұмыс істеді.

Бүгінгі апатқа барлығы 77 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған. Ресми ақпарат бойынша оқиға орнында 8 адам тіл тартпай кетсе, 2-уі әуежайда көз жұмып, тағы 2 адам ауруханада қаза тапты.

«Жедел балалар көмек көрсету орталығына» бүгінгі таңда 9 ауру жатқызылды. Алматы аймақтық көпсалалы ауруханаға 6 ауру жатқызылды. Бұл аурулардың барлығы да бүгінде керекті емдік шаралармен қамтылып отыр. Дәрі-дәрмектер, қан, препараттар бәрі де бүгінгі таңда жеткілікті», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.   

Оқыс оқиға кезінде жарақат алғандарды емдеуге қалалық бірнеше аурухана мен облыстық медицина мекемелері де жұмылдырылды. Оның қатарында, №4 қалалық клиникалық ауруханасы да бар. Ол жаққа 19 адам жеткізіліп, 6-ына шұғыл ота жасалған.    

«Таңғы сағат 8 бастап жедел жәрдеммен 19 науқас жеткізілді. Оның 11 науқасы реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Олардың жағдайы ауыр болғандықтан 2 науқас мерт болды. 6 адамға операция жасалып, қазір отделенияларға жатқызылды», - деді Алматы қаласы № 4 қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман БАЙЗОЛДАНОВА.

Сондай-ақ, апат орын алғанын естіген алматылықтар мен қала қонақтары таңнан бері жаппай қан тапсырды. Зардап шеккендерге осылай көмек жасауға асыққан азаматтардың тіпті кезегі жолға дейін созылды.

«Осылай бір бірімізге қолдан келгенше көмегіміз тисе, разы болар едік», - деді қан тапсырушылардың бірі.  

«Осы таңертеңгі жағдайды естіген соң бүкіл әріптестерімізбен осында келдік қан тапсыруға. Келген адамдардың саны өте көп көріп тұрсыздар», - деді келгендердің бірі.   

«Мұнда қан тапсыруға келдім. Басқаларға да қан тапсыру керектігін айттым», - деді бірі.

Жұма күнгі оқыс оқиға бар қазақстандықтың қабырғасын қайыстырғаны анық. Зардап шеккен барлық азаматқа еліміздің ең алдыңғы қатарлы ақ халаттылары жұмылдырылды.

Арнат Дүйсен, Нұржан Оразбеков «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров