Бүгін Ақтөбе қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жасөспірімге зорлық көрсеткен азаматқа үкім шықты. 40 жастағы Тимур Жұбаниязов Қылмыстық кодекстің 120 бабы, 4 бөлімімен кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ.
Оқиға көктем айында болған. Полицияға болған жағдайды қыздың әжесі хабарлапты.
Кінәлі деп танылған азамат жасөспірімнің анасымен азаматтық некеде тұрған. Ол Қарақалпақстаннан Ақтөбеге келіп жұмыс істеп жүрген көрінеді.
«Жәбірленуші бүлдіршіннің жалған айтып, біреуге жала жабуы мүмкін емес деп шештік. Оқиғаның болғанына біраз уақыт өткеніне байланысты бала нақты күнді айта алмаса да, болған жағдайды баяндап берді.
Жұбаниязовтың үй жағдайында анасы мен әжесі ұйықтап жатқан кезде үш рет зорлағанын толық көрсеткен. Бала әжесіне айтқанды тергеушіге, психологқа баяндады. Төрт рет сараптама өткен кезде де мән-жайды біркелкі айтып берді», - деді судья Мырзабеков.
Сот кінәлі деп танылған азаматқа қауіптілігі барынша жоғары мекемеде жазасын өтеуді белгіледі.
Сотталушының туыстары сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіретіндерін хабарлады.