|
17.01.2020 | 15:30
4768

Иесіз үйге тастап кеткен: Нұр-Сұлтанда 6 баланың анасын өз күйеуі буындырып өлтірді

Ерлі-зайыптылар несие төлеп келе жатқан жолда келіспей қалса керек

Иесіз үйге тастап кеткен: Нұр-Сұлтанда 6 баланың анасын өз күйеуі буындырып өлтірді

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны өз әйелін, алты баласының анасын басынан ағашпен ұрып, мойынорағышымен буындырып өлтірген. Жантүршігерлік оқиға өткен жылдың 28 қазанда орын алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Артында қалған екі ұл, төрт қыз бүгінде жетім қалды. Кәмелетке толмаған төрт бала оңалту орталығында. Себебі үйдің үлкені Аянның бауырларын қолына алуға әзірге мүмкіндігі болмай тұр. Бұл туралы "Ниет" тележобасында айтылды.  

«Полиция қызметкерлерінің айтуынша, анам мен әкем несие төлеп, үйге қайтар жолда келіспей қалған. Мүмкін ақшаға келіспей қалды ма, ол жағын білмедім. Біздің үйден 100-150 метр жерде иесіз үй болатын. Сол жерге келгенде артында келе жатқан әкем анамның басынан ағашпен  ұрған. Құлаған кезде мойнындағы шарфымен қылқындырып, сүйреп, иесіз үйге тығып кеткен. Кейіннен «өлтіріп алдым» деп ойламадым деп ақталды. Оқиғаны ешкім көрмеген. Бөтен адам болса бір сәрі, ал 23 жыл бірге тұрған, өзінің 6 баласының анасын өлтіруге қалай қолы барды? Әлі күнге бұл сұрақ менің ақылыма сыймайды. Неткен айуандық? Тағы түк болмағандай, үйге келіп, балаларды тамақтандырып, ұйықтауға жатқызған. Түннің бір жарымында кіші ініме «анаңды таптым, құлап қалыпты» деп, тастап кеткен жерге алып барған. Інімнің ойында дым жоқ, шынында солай ойлап, үйге дейін көтеріп әкелген. «Үйге келген соң, мойнындағы шарфын шешіп едім, бір рет «уһ» деп дем алды да, сылқ құлады» дейді». Бұл сұмдық көрініс, анасының көз алдында жан тапсырғаны әлі буыны қатпаған інімнің көз алдында өмір бойы қалып қойды ғой», - дейді Аян Төлеуғазин өксігін баса алмай.

Семейдегі ата-анасы мен бауырларына көмектесу үшін 22 жасар Аян Нұр-Сұлтанға жұмыс істеуге келген. Анасының қайтыс болғанын таңғы 4-ке таяу есіткен ол басында мүлде сене алмай, есеңгіреп қалғанын айтады. Сосын ақшасын жинап, ата-ана, бауырларын астанаға әкеліп, үлкен бір отбасы болып, келін әкелсем, анам немере сүйсе деген арманы бар болғанын айтып көзіне жас алып қалды.

«Өзінің алты баласын туған әйелін не себепті өлтіргенін түсіне алмаймын. Жарайды мені ойламай-ақ қойсын. Өз қолым өзіме жетті, тамақ тауып жей аламын. Қарындасым да кәмелетке толған. Бірақ неге 4 баланы ойламады? Санамда жалғыз осы сүрақ бар. Сол кісіні көрсем «сіз неге соларды ойламадыңыз?» деп сұрағым келеді» – дейді егілген Аян Төлеуғазин.

Марқұмның сіңлісі Сайрангүл Сәрсенқызы күйеу баласының мұндай айуандыққа барғанына әлі күнге кешіре алмайды.  

«Сіңлімді мынадай айуандықпен өлтіреді деп ойламадық. Өлтіріп бір жерге тастап кеткен. Сіңлім ол жерде қанша жатқан. Содан қайта барып, өз баласына көтергізіп үйіне әкелген. Өзіңіз ойлаңызшы, неткен  хайуандық?!» - дейді ол.

«Күйеу баламыздың туғаннан құлағы естімейді.  Сондықтан да, мінезі қатал, қатыгез. Өзі тапқан-таянғанын балаларының желкесінен шығарып отыратын сараң, тиын санап қалған азамат», – дейді марқұмның сіңлісі.

«Балалардың үлкені болғандықтан, алты баланың атынан кешірім хат жазып беруімді сұрады. Маған жазып беру дым да тұрмайды. Мен ол кісіге жамандыққа қимаймын.  Түрмеген отырғызғым келмейді. Алла өзі жазасын берер. Барлығының көзінше кешірім бердім», – деген Аян бауырларын өзіне қайтарып алуға әкесінің туыстары көмектеспей отырғаны жанына бататынын айтады.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир