ҚР Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди заңсыз айналымдағы дәрілік заттарды анықтау жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының дәрілік заттарды заңсыз саудалауға қатысты тапсырмасы орындалып жатыр. 5 шілдеден бері мұндай 537 заңбұзушылық анықталды, оның 58-і бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 214-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қалғандары әкімшілік өндіріске жіберілді. Полицияға 431 адам жеткізілді», – деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Спикердің айтуынша, заңсыз айналымнан 70,8 мың қаптама медициналық препараттар, жарты миллионға жуық медициналық маска, 36 мың дана қолғап пен өзге де бұйымдар (қызу өлшегіш, көзді қорғау құралы) және 705 литр антисептик алынған.
«Алынған өнімдердің басым көпшілігі Шымкент (19,5 мың дана бұйым), Алматы (14,5 мың дана), Нұр-Сұлтан (5 мың дана), Атырау (11,8 мың дана) және Жамбыл (4,2 мың дана) облыстарына тиесілі. Құқықбұзушылық туралы барлық материалдар экономикалық тергеулер қызметіне және денсаулық сақтау органдарына жіберілді», – деді вице-министр.
Заңсыз айналымнан алынған медициналық препараттар мен бұйымдар денсаулық сақтау органдарына науқастарды емдеуге жіберіледі.