Талғарда қазандық мұнарасынан секірмек болған қыз құтқарылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, 19 ақпан күні сағат 11.18-де Алматы облысына қарасты Талғар ауданының Талғар қаласында «Байсерке-Агро» ЖШС-нің аумағындағы жұмыс істемейтін қазандықтың мұнарасынан 2000 жылы дүниеге келген қыздың секірмек болып тұрғандығы туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына Талғар қалалық өрт сөндіру бөлімінің мамандары, полиция қызметкерлері аттанған.
«Қазандық Талғар ауданына қарасты Арқабай ауылының шетінде орналасқан және құбыр ұзындығы – 35-40 метр. Талғар қаласының №2-МӨС бөлімінен Арқабай ауылына дейінгі аралық 30 шақырымды құрайды. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіруші Ришад Рахимов пен Талғар аудандық ТЖБ аға инженері Нұрсұлтан Нұрғалиев жұмыс істемейтін қазандықтың мұнарасына өрмелеп шықты. Қызбен сөйлескеннен кейін ол сағат 12.40-та оны арнайы құтқару арқанының көмегімен жерге түсірді», – деді Нұрсұлтан Нұрахметов.