Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысына 5 млн 698 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің облыстық департаменті мамандары ұстаған болатын. Шенеунікке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігімен іс қозғалып, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Оған осы бап бойынша мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталында мемлекет үлесі елу пайыздан асатын ұйымдарда, ұлттық компанияларда басшы және материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Бұдан бөлек, азаматшадан мемлекет пайдасына сот сараптама жүргізуге жұмсалған іс жүргізу шығыны - 44 435 теңге, сондай-ақ жәбірленушілерге зиянды өтеу қорының пайдасына - 20 АЕК мөлшерінде 50 500 теңге өндірілген. Шенеунік үкім заңды күшіне енген соң бір айдан кешіктірмей айыппұл төлеуге міндеттелген. ҚР ҚК 41-бабының 3-бөлігіне сай қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда қамауға алынады.
«Азаматшаға қатысты айыптау үкімі шығып, Ақтау қалалық сотымен 5 млн 698 мың теңге айыппұл салынды»,-деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Нұрбек Даумов.