Атырау облысы Аққыстау кентінде полицейлер түтінге оранған үйден үш баланы алып шығып, өрттің алдын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жеке үйде газ қазандығы жанып жатқан кезде 15, 7 және 6 жастағы үш бала болған. Үйде ересек адамдар болмаған – олар туыстарының жерлеуіне кеткен. Патрульдік полиция инспекторлары Ғалымжан Науанов пен Бекжан Мұратқалиев өрт туралы хабар түскеннен кейін шұғыл көмекке кеткен», - деді ПД баспасөз қызметінен.
Тұрғын үйдің қазандығының газ трубасынан өрт шыққан. Үйді қою түтін басып қалған. Полицейлер үйге кіріп, ұйықтап жатқан 6 жасар қызды оятып, үш баланы да қауіпсіз жерге алып шыққан.
«Таяуда полиция департаменті бізге әмбебап құтқару жиынтығын берген еді, сол керегімізге жарады. Өрт сөндіргішті алып, ашық алауға қарай бардық. Көршілер шелек алып, өздері өртті сөндіруге әрекеттенген. Бірақ, оны сөндіру мүмкін болмаған. Біз өрт сөндіргішпен сөндірдік», - деді Ғалымжан Науанов.