Нұр-Сұлтанда үш автобус соқтығысқан жол апатының сот-медициналық сараптамасының қорытындысы шықты. Жүргізушінің есінен танып қалғаны анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полиция департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нұрқаевтың айтуынша, бұл оқиға бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр.
«Біз қылмыстық іс қозғадық. Сот-медицина сараптамасына сәйкес, №303 автобустың жүргізушісі Оспанов есінен танған. Салдарынан жол-көлік апаты болды. Тергеу 26 маусымға дейін жалғасады», - деді Нұрқаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сараптамаға сәйкес, автобус жүргізушісінің жүрегі ауырған. Сол күні жүрегі сыр беріп, қан айналымы баяулаған. Миға қан бармағандықтан, жүргізуші есінен танып қалыпты.
Айта кетсек, биыл 26 наурызда елордағы Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында ірі жол-көлік оқиғасы болды. Қала маңына қатынайтын №303 автобус пен №12 автобус соқтығысқан. Кейін оларға №53 қоғамдық көлік пен жедел жәрдем көлігі соғылды.
Жол апаты салдарынан 53 жастағы автобус жүргізушісі мен 26 жастағы жолаушы қыз қаза тапты. 33 адам зардап шекті.