«Медеудің» дәретханасында бойжеткенді зорлаған күдіктіні сот кепілмен босатып жіберген

«Медеудің» дәретханасында бойжеткенді зорлаған күдіктіні сот кепілмен босатып жіберген
31 жастағы ер адам үйленген, үш баланың әкесі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жас қызды зорлады деген күдікті бұған дейін де зорлау бабы бойынша бір емес, екі рет сотталған екен. Соған қарамастан, бұл жолы оны судья қамауға алудың орнына кепілмен босатып жіберген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал ары тапталған ару өз өмірі үшін алаңдап отыр. Өйткені, күдікті бойжеткенге «құзырлылардан арызды қайтарып алмасаң, жаныңды қиямын» деп қоқан-лоққы көрсетіпті.

«Психологиялық тұрғыдан да, физикалық жағынан да қатты шаршадым. Бірақ ешкімнің онымен шаруасы жоқ…» – дейді бір жарым айдан бері басына түскен қиын жағдайды жақындарымен де бөлісе алмай, ішқұса болып жүрген Мәдина. Көрген қорлығын қанша ұмытуға тырысқанымен, сол жағымсыз жайт жанын жегідей жеп барады.

Оқиға қалай болды? Бойжеткен наурыз айының ортасында бейтаныс жігітпен танысады да, көп ұзамай жігіт оны мейрамханаға шақырыпты. Бірақ сол алғашқы кездесудің соңы сұмдықпен аяқталған. Кафеде тамақтанған соң Мадина дәретханаға барыпты. Алайда, қыздың артынан еріп шыққан азамат оны буындырып, сол дәретханада зорлап тастаған.

«Бірден бас салып, мойнымнан қылқындырды. Қанша арпалысқаныммен, оған шамам жетпеді. Есімнен танып қалдым, сол кезді пайдаланған ол киімімді шешіп, білгенін істеген. Есімді жия бастағанымда қайтадан тұншықтырды. Солайша 3-4 рет қайталанды. Тамағымның барлығы ісіп кеткен, тілімді шайнап тастаппын. Полиция басқармасына барып сараптама жасаттым. Сот сарапшысы дәйектің барлығын жазып алды», – дейді Мәдина.

Жантүршігерлік жәйт Медеудегі мейрамхананың дәретханасында болған. Тапа-тал түсте мұндай сұмдық болады деген ой мекеменің қызметкерлерінің үш ұйықтаса түстеріне кірмеген. Оның үстіне, бір-бірімен жақсы сөйлесіп отырған қыз-жігітті бұрыннан таныс деп ойлаған.

«Шамамен түскі екілерде олар кафеден шықты. Сол уақытта мен дәретхананың жанында тұрғанмын. Жігіт пен қыз бірге кірді, өйткені дәретхана ерлердікі немесе әйелдердікі деп бөлінбейді. Сосын біз түскі асымызды ішуге кеттік. Тамақтанған соң қолымызды жууға келсек, бойжеткен жігітке айқайлап жатыр екен. Не болғанын сұрастырғанымызда, «ол мені зорлады» деп айтты», – дейді мейрамхана әкімшісі Шолпан ҚАЛИЕВА.

Аталған іс бойынша тергеу аяқталып, күдікті көп ұзамай қамауға алынды. 31 жастағы ер адам үйленген, үш баланың әкесі екен. Қазір әйелі төртіншісіне жүкті көрінеді. Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де екі әйелді зорлағаны анықталды.

«Бұл қылмысты жасаған 1988 жылғы К. есімді азамат. Ол бұрын-соңды 3 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның 2-де адам зорлағаны үшін, бір рет алаяқтық дерегі үшін сотталған», – дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров