|
24.12.2020 | 17:58
10175

Сарышұнақ аязда баласын далаға жалаңаш шығарып жіберген әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

Ол туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы хабарлады

Сарышұнақ аязда баласын далаға жалаңаш шығарып жіберген әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды Facebook.com/ilmira.sarsembaeva

Сарышұнақ аязда баласын далаға жалаңаш шығарып жіберген әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы хабарлады. Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желілерде елордадағы жатақханалардың бірінде бұзықтық жасағаны үшін 6 жасар баласын ұрып-соғып, 8 жасар қызын киімсіз далаға қуып шыққан отбасының әрекеті қызу талқыға түсіп жатыр. Бейнежазбаны көршілері жариялаған. Қаршадай қызын қинаған қатыгез ана қандай жазаға тартылады? Балалардың тағдыры не болмақ? Ол туралы Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Елордада тағы бір оқиға елді елең еткізді. Бұл жолы 8 жастағы қызын киімсіз далаға қуып шыққан ананың аяусыз әрекеті жұртты шошытты. Үйдің кіреберісінде ешқандай киімсіз кешқұрым қар үстінде жылап отырған қыздың суреті әлеуметтік желілерде тарады. Сөйтсе, көршілерінің сөзінше, мұндай қатыгездікке барған ана бұзықтығы үшін 6 жасар ұлын ұрып-соғып, 8 жастағы қызын жалаңаш далаға шығарып тастаған. Ал, мұндай қатал жазалауға көршісінің киім-кешек қыстырғышын рұқсатсыз алып ойнағандары түрткі болған.  

«Менің әйелімнің бір заты жоғалып кеткен екен. Мамаң біліп қоймасын бірақ деп айтқан ғой. Содан анасы естіп қойған болу керек. Сөйтіп балаларын ұйықтар алдында ұрып-соқты. Ал, жолдасым киім ілуге барғанда баланың далада отырғанын көріп қалып, аналарынан алып осында алып келді. Балалар қатты жылады. Сабап тастаған екен», – деді көршісі Алан Жакеев.

Көршілерінің сөзінше, бұған дейін де баланың дәлізде ұйықтап жатқан жерінен бөлмелеріне алып келген жағдайлар болыпты. Ата-аналары күндіз жұмыста, бірақ балаларына күтім жоқтығын айтады. Ал, қалалық білім басқармасындағылар оқиғадан кейін тиісті орган өкілдерімен бірге бірден бардық, тексердік, отбасын тіркеуге алдық дейді. Осы күнге дейін олар жағдайы нашар отбасы ретінде тізімде болған емес деп ақталуда.

«Кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияға материалдар әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек, Заңға сәйкес шаралар қолдану үшін сотқа материалдар жинақтау үстіндеміз. Бала қазір қауіпсіз жерде, қызбен және баламен психологтар жұмыс істеп жатыр. Әзірге ата-аналық құқығынан айыру туралы ешқандай негіз көріп тұрған жоқпыз. Сот шешімінен кейін қандай шара қолданатынымыз белгілі болады», – деді қалалық Білім басқармасы қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Гүлім Жүсіпова.

Аталған отбасында 4 бала тәрбиеленіп жатыр екен. Ең үлкені 10, кішкентайы 4 жаста. Ал, полиция департаменті отбасының профилактикалық есебіне қойылғанын мәлімдеді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Асылбек Тойбек

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир