Жаңаөзендегі жарылыстан зардап шеккен тағы 2 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның бірі - денесінің 75 пайызын күйік шалып, облыстық ауруханаға өте ауыр халде жеткізілген 51 жастағы тұрғын. Ал екінші науқас – жарылыстан кейін бетон астында жаншылып, ұзақ уақыт жатып қалған 46 жастағы ер адам. Оған Жаңаөзен қалалық ауруханада ота жасалып, кейін Ақтауға жеткізілген. Екі науқасқа да жан-жақты медициналық көмек көрсетілгенімен, оларды аман алып қалу мүмкін болмады. Айта кетейік, қайғылы оқиға Жаңаөзенде осыдан 11 күн бұрын болған. 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйде газ жарылып, 6 адам көз жұмды. Тағы бірнеше адам түрлі дене жарақатын алған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, жарылыстың себеп-салдары тергеліп жатыр.
«ҚР Бас коммустиологы және травмотолог, реанимотологтарын санавиациямен шақырып, науқастарды көріп, ем шаралар жасап көмек көрсетті. Жағдайларының ауыр болғандықтан, тиісті емді көрсеттік, науқастар қайтыс болды», – деді Маңғыстау облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сағат Бітімов.