«7 сәби жетім қалды»: Алматыда аялдамадағы апаттан көз жұмған екі әйелдің туыстары тергеу ісіне наразы

Tengrinews.kz
Tengrinews.kz
Кінәлі жүргізушінің өзі де, туыстары да марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрамаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда мас жүргізушінің кесірінен аялдамада қаза болған қос келіншектің туыстары құзырлы орган өкілдеріне шағым түсірді. Олар осы күнге дейін істі жүргізіп жатқан тергеушілер мәселенің мән-жайын ашып айтпай отыр дейді. Оның үстіне, күдіктінің жақындары да қара жамылған отбасылардан кешірім сұрап келмеген. Сорақысы сол, араққа сылқия тойған жүргізушінің кесірінен жеті бала жетім қалды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайғыдан қара жамылған Есімхановтар әулеті есеңгіреп қалған. Қас-қағым сәтте жақынымыздан айрылып қаламыз деген ой олардың үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Отызға енді толып, опат болған Гузаль Есімханова – үйдің келіні, үш қыздың анасы еді. Алайда, дәм-тұзы тым ерте таусылды.

Қайғылы оқиға болар күні келіншек өте көңілді жүрген. Үй шаруасын тындырған соң қыздарына киім алуға базарға шығады. Аялдамада алаңсыз автобус күтіп тұрған оны мас жүргізуші қағып мерт қылды.

«Есіне түссе болды, түнімен жылайды. Телефондағы суретін көреді. Бізге енді кім қарайды, балабақшаға кім апарады деп жылайды. Жағдайымыз өте ауыр. Енді жазықты адам қатаң жазаланса деп талап етеміз, үш бала жетім қалды, оларға анасының орнын ешкім баса алмайды», - дейді марқұм Г.Есімханованың күйеуі Қалдыбай ЕСІМХАНОВ.

Келінін жоқтаған Шәрипа Есімханованың етегі жасқа толған. Үш сәбидің жылағанын көргенде жанымды қоярға жер таппаймын дейді ол.

«Есі дұрыс адам арақ ішіп, көліктің тізгініне отыра ма? Тоқтайтын жерге тоқтай алмайтындай соншалықты не көрінді оған? Ауыр жаза сұраймыз», - дейді Ш.Есімханова.

Сол апаттан қаза тапқан екінші әйел – Мереке Әбенова. Ол 4 баланың анасы. Баларының үлкені 13-ке толса, кенжесінің жасы үштен асқан. Екі аптадан бері шешелерінің жылы жүзін көрмеген бүлдіршіндер күндіз-түні көз жастарын көл қылуда. Әзірге жалғыз жұбаныштары тек анасының суреттері ғана.

Қаза тапқан қос келіншек көрші тұрған, әрі бір балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген екен. Марқұмдарды қимастықпен жер қойнына тапсырған туыстары осы уақытқа дейін олардан ешкімнің кешірім сұрап келмегенін айтып, өзектерін өкініш өртеп отыр.

«Осы уақытқа дейін бір туысқаны хабарласпады. Әке-шешесі бар адам ғой. Жетім болса да жора-жолдастары болады. Әйтеуір бір танысы болады ғой. Осы уақытқа дейін бірде-бір адам хабарласып, кешірім де сұраған жоқ, жағдайымызды да білген жоқ», - дейді марқұм М.Әбенованың күйеуі Асқар ИМАНТАЕВ.

Еске сала кетсек, жантүршігерлік жол апаты 16 наурызда болған. Ащы суды асыра сілтеген 31 жастағы азамат аялдамада автобус тосып тұрған жолаушыларды көлігімен қағады. Салдарынан белі мен аяқтары сынған екі әйел ауруханада бірінен соң бірі жан тапсырды. Ал, апаттан аман қалған үшінші адамның миы шайқалып, қос аяғының тобық сүйегі сынған. Екі аптадан бері төсекке таңылып жатқан Манатбек Тобжанов бүгінге дейін тәртіп сақшылары хабарласып, ең болмаса жағдайды түсіндіруге жарамады деп шағымданды.

«Екі аптадан асты, біреуі келіп хал-жағдайымды сұраған жоқ. Тіпті, заң өкілдері де бас сұққан жоқ. Өлімін бе, тірімін бе, ешкімнің жұмысы жоқ. бұл не сұмдық? Полициядан келіп менен неге сұрамайды қалай болғанын? Мен де өлуім керек пе еді сонда?» - деп ашынады Манатбек ТОБЖАНОВ.

Естіген елдің жағасын ұстатқан бұл оқиғаны қалалық прокуратура өкілдері де қадағалауға алғанынан жариялаған еді. Сондықтан, «істі жылы жаппаймыз» дейді құзырлылар. Ал, Полиция департаментіндегілер тергеуші тарапынан еш олқылықтың жоқтығын айтуда.

«Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген процедуралар бойынша, арнайы хаттамамен біз барлық медициналық құжаттарды ауруханадан алып, ол бойынша сот-медициналық сараптамалар тағайындаймыз. Сондықтан, жәбірленушінің тергеуге қатыспадым деп уайымдауы бекер. Барлық процессуалдық іс-әрекеттер мен тергеу амалдары бұл азаматтың қатысуымен оның толығымен сауығып кетуінен кейін болады», - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Дегенмен, заңгерлердің пікірі бөлек. Олар «тергеуші тез қимылдап, істі созбаққа салмай», жәбірленуші тарапты хабардар етуі тиіс еді дейді.

«Жәбірленуші жарақат алғандықтан уайымдайтыны заңдылық. Қарапайым азаматтардың көбі заңды біле бермейді, сондықтан тергеуші келіп оған түсіндіруі керек еді. Тым болмаса телефон арқылы хабарласуы немесе үйіне туыстарына барып айтуы тиіс», - дейді Алматы қалалық Адвокаттар коллегиясының мүшесі Айдынғали ТАБЫЛДИЕВ.

Жеті баланы жетім еткен жүргізуші қазір қамауда отыр. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Айта кетсек, күдіктінің көлік жүргізуге рұқсаты жоқ болып шыққан. Оны полицейлер осыдан бір жыл бұрын ішімдік ішіп рөлге отырғаны үшін құжатынан айырған екен. Тіпті, темір тұлпар тізгіндеуіне 3 жылға дейін тыйым салған. Бірақ соған қарамастан, ащы суға құмары қайтпаған ол көлікке отырып, жазықсыз жандарды опат қылды. Тәртіпке бағынудан бас тартқан жүргізуші, енді 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, Нұржан Оразбеков «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров