Тәркіленген тауарлар қаланың сыртына апарылып, толықтай жағылды. Заңсыз айналымда жүрген өнімдер қашан және не себептен тәркіленгені жайлы Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке айтып берсін.
2019 жылдың соңында Алматының Әділет Департаменті бірқатар тауар белгісі бар контрацепция өнімдерінің заңсыз айналымын тоқтату бойынша шаралар жүргізген. Нәтижесінде мүшеқап, сусабын және қырынуға арналған құралдар бар 14 мың 500 дана өнім тәркіленіпті.
«Дюрекс, Контекс, Гусарский және Джилет тауар таңбалары бар айғақ тауарлары анықталды. Аталған заттар ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158- бабына сәйкес хаттама толтырылып, тауар таңбасын заңсыз пайдаланғаны бойынша тауарлар тәркіленді», - деді Алматы қалалық әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің бас маманы Еркебұлан ЖЕТПІСБАЕВ.
Қаладағы базарлардан тәркіленген тауарлардың сапасы нашар, бағасы әлдеқайда төмен. Тіпті, заңсыз сатылған бір реттік сусабындардың елімізде соңғы 8 жылда өндірілмегені анықталды.
«Аталған тауарларға жүргізілген сараптама нәтижесінде, өнімнің контрафактілік екені анықталып, заңды фабрикалар мен кәсіпорындарда өндірілмегендігі расталды», - деді заңгер Жанат НҰРМАҒАМБЕТОВ.
Тәркіленген өнімдер мына пештің бірінші камерасына салынып, жағылады. 1200 градустық температурада өнім қою массаға айналады. Содан кейін оны пештің екінші бір камерасына салып, қайта өртейді. Мұндағы температура 1700 градусты құрайды.
Құқық бұзушыға қарсы Алматы қаласының әкімшілік сотының қаулысы бойынша айыппұл салынып, тауарларды жою шешімі қабылданды. Заңсыз тауарлар экологияға зиян келтірілмейтін, арнайы сертификаты бар жерде жойылады.
Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.