Алматыда ақылы автотұрақтарға абонемент енгізу жоспарланып отыр. Мобильділік басқармасының өкілдері «бұл – қала халқы үшін тиімді бастама» дейді. Өйткені билеті бар тұрғындар сағаттық төлемнен босатылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда 18 мыңнан аса ақылы тұрақ бар. Олардың саны жыл соңына дейін 30 мыңға артпақ. Бастама жабайы тұрақтар қатарын азайтуға және көлік жүйесін жақсартуға бағытталған. Осылай мәлімдеген «Алматы Паркинг» өкілдері халық тарапынан да сұраныстың артқанын айтты. Сондықтан тамызда абонементтік жүйені енгізуді жоспарлап отыр. Әзірге әкімдік тарапынан құқықтық-нормативтік актілер дайындалып жатыр.
– Ақылы автотұрақтардың жұмыс уақыты сағат 8:00-ден сағат 19:00-ге дейін бекітілген. Сол күніне 1100 теңге шығады. Ал абонемент сатып алған кезде бағасы төмен болады. Оның ішінде жеке тұлғалардың абоненттік жүйесі болады, заңды тұлғаларға да абонементтік жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз. Оның барлығы талқылауға түседі, – деді «Алматы паркинг» КМК директорының орынбасары Талант Тайнов.
Аталмыш билет 3,6 айға немесе 1 жылға арналады. Яғни көлік иелері ақшаны бекітілген бағадан біршама арзан төлейді.
Айта кету керек, ақылы автотұрақтар мен жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдан түскен қаражат ел қазынасын толтырады. Бұл қаржы көлік жүйесін дамытуға және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға жұмсалады.
Абонемент жергілікті тұрғындарға автотұрақтарды еш кедергісіз әрі тиімді пайдалануына мүмкіндік береді. Яғни темір тұлпар иелері арнайы рұқсаттың арқасында сағаттық төлем төлемейді және көлігін үйінің ауласындағы немесе жақын маңдағы кез келген тұраққа қоя алады. Тіпті, кейбір санаттағы азаматтар үшін бірқатар жеңілдіктер де қарастырылыпты.
Нақтырақ айтқанда, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен басқа да мемлекет аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың асыраушыларына, көпбалалы аналар мен мемлекеттік қызметтегі автокөлік жүргізушілеріне арнайы режим қарастырылған. Оларға көліктерін тегін қоюға рұқсат етіледі.
Аяулым Көлжігіт, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қарызсыз қоғам: Алматыда 5 мыңға жуық тұрғын жобаға қатысты