|
19.02.2019 | 19:23
2401

Астанада жоғалған жеткіншекті іздеп жүрген еріктілер: «Қала билігі еш көмек көрсетпеді»

Жоғалып кеткен жеткіншекті еріктілер төрт күннен бері іздестіріп жатыр

Астанада жоғалған жеткіншекті іздеп жүрген еріктілер: «Қала билігі еш көмек көрсетпеді»

Астанада еріктілер із-түзсіз жоғалған Бақдәулет Өмірханды осымен төртінші күн іздестіруде. Анықталғаны, жоғалған жеткіншекті іздеуге астаналықтар ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген азаматтар да атсалысуда. Айтуларынша, іздеу шарасына боран мен үйме қар бөгет болуда. Оның үстіне, жергілікті билік тарапынан ешқандай көмек көрсетілмей отырған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Беттеріңізге шаңғы бетпердесін киіп алсаңыздар дұрыс болар еді, өйткені бұл жақта боран соғып, күн қатты суық болып тұр, бәлкім, кешке дейін жүріп қалатын шығармыз...» Еріктілердің үйлестірушісі қолұшын беру үшін хабарласқан астаналықтармен осылай сөйлесіп, қажетті заттарды ұмытпауларын ескертіп жатыр.  

«Міне, таң сәріден осылай өздері хабарласып, із-түссіз кеткен Бақдәулетті іздеуге көмектескісі келетін жандар көп» дейді еріктілердің үйлестірушісі Арман Қойбақов. Бүгін жоғалған жеткіншекті іздеуге шамамен, 40 адам жұмылған. Топ-топқа бөлініп, бірі сырғанақ маңындағы зират жақты қарап тексерсе, басқа бір топ әскери қалашыққа қарай аттанды.  

«Көмек көрсетуге ниет білдірген азаматтар көп. Астана қаласынан ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Мәселен, кеше өзге облыстан бір ерлі-зайыпты келіп, қармен жүретін арнайы техникамен іздеуге болысты. Тағы үш көлік ауылдың шетіне дейін жүріп қарады. Кешке таман бес джип, бес қармен жүретін көлік келді. Аңшылар клубының жігіттері де арнайы техникасымен келіп, таңғы беске дейін іздеді. Бір жарым сағаттан ғана ұйықтаймыз. Өкініштісі, жергілікті билік тарапынан ешқандай көмек жоқ. Барлығы еріктілер. Бірі азық-түлікпен, киім-кешекпен, енді бірі жанар-жағармаймен, басқалары интернетпен жәрдемдесіп, фотосуреттерін басып шығарып, іліп жатыр», – деп мән-жайды түсіндірді еріктілердің үйлестірушісі Арман ҚОЙБАҚОВ.

Еріктілердің бір тобы Теміржол кентінің иесіз қалған үйлерін, жертөлелерін қарап тексеруде. Тағы бір топ ұялы телефондарына аталған ауылдың картасын жүктеп алып, тасжолды бойлай тінтіп жатыр. 

Бақдәулетті іздестіріп жатқан еріктілер Теміржол кентіндегі әр миллиметрді осылайша жіті тексеруде. Ол үшін қолдарына арнайы таяқшалар ұстап алған. Себебі, ауылда осы тектес ашық жатқан құдықтар көп. Тек екі күннің ішінде олардың 100-ге жуығы анықталған. Құдықтардың ішіне түсіп кетіп, жарақат алған еріктілер де бар екен.

Еріктілер осындай ашық жатқан құдықтар әр жерде әрқалай орналасқанын айтады.

«Таяқшалармен тінтіп қараймыз. Терең емес сияқты. Алайда, аяқпен басқанда құлап кететініміз бар. Мұндай ашық жатқан құдықтардың тереңдігі 4 метрден бастап 15 метрге дейін барады. Түбін сезсек, өзіміз түсіп тексереміз. Ал егер тым терең болса, төтеншеліктерге хабарласып, шақырамыз. Бүгін төртінші күн. Ең бастысы, табылғанын қалаймыз. Өз еркімізбен шықтық. Өйткені, өзіміздің де бүлдіршіндеріміз бар ғой», – дейді ерікті Бибігүл АШИРОВА.

Еріктілер осымен тоқтап қалмақ емес. Үшті-күйлі жоқ болған жеткіншекті табуға барынша тырысып бағатынын айтады. Атап өту керек, олар іздеу жұмыстарын қалада да жүргізіп жатыр. Шаһардағы компьютерлік клуб, иесіз қалған үй-жайлар, жертөлелер мен құдықтардың әрқайсысын жүріп өтпек.

Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир