|
Jol
14.09.2023 | 20:37
7186

Тәлім алуға барып, табыт құшқан: балабақшада көз жұмған бүлдіршін жер қойнына тапсырылды

Үш жастағы бала кәріз құдығына құлап кеткен

Тәлім алуға барып, табыт құшқан: балабақшада көз жұмған бүлдіршін жер қойнына тапсырылды Almaty.tv

Тәлім алуға барып, табыт құшқан. Алматы облысы Қырбалтабай ауылындағы балабақшада қаза тапқан 3 жастағы бала кәріз құдығына құлап кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жазмыштан жүрегі қанжылаған қырбалтабайлықтар құдыққа құлап қаза тапқан баланы жер қойынына тапсырды. «Балабақшаға білім ал деп беріп, бақилыққа аттандырдым» деген үш жасар баланың атасы, алдымен аталған мектепке дейінгі мекемені жауапқа тартуды сұрайды.

– Бұл не деген сұмдық? Адамгершілік қайда? Сонша баланы алған соң, қарауы керек қой. Қараусыз қалған соң, бала қызық көрді ме, білмеймін, – деді атасы Әлімқожа Ынтыбаев.

– Заңғар балабақшада қайтыс болды дегенді естідім. Ол қалай болды? Балапаным құдықтың ішіне түсіп кеткен. Олардың айтуынша, кәріз құдығы жабық болған. Бірақ мен сенбеймін. Ашық тұрған. Біз барғанда дәнекерлеп қойған. Дым болмаған сияқты. Баламды қайтара алмаймын, бірақ жұмысына салғырт қарамаса деймін, – деді анасы Ақбота Сатқынбаева.

Ал аза тұтқан ауылдағы жалғыз мемлекеттік бөбекжай бүгін жұмыс істеп тұр. Алайда алдынғы күні ғана осы бөлмеде ойнап жүрген Заңғардың бүгін сөресі бос тұр. Қылығы тәтті, тәртібі түзу деп бүгін тәрбиешілер еске алып отыр.

– Бәрімізге оңай соғып жатқан жоқ. Өте сүйкімді бала еді, – деді балабақша қызметкері Толқын Жақсыбаева.

– Балалар тәрбиешілер мен кіші қызметкерлердің назарынан тыс қалған. Балабақшаның меңгерушісін, қайғылы оқиғаға тікелей қатысы бар тәрбиеші мен кіші қызметкерді жұмыстан босаттық, – деді Еңбекшіқазақ ауданы Білім бөлімінің бас маманы Зарина Бөлекбаева.

Жүзге жуық тәрбиеленушілерді қабылдаймыз деген мемлекеттік балалар мекемесіндегі бейнебақылау оқыс оқиғаны түсіре алмапты. Бұл да бұқараның күдігін тудырмай қоймайды. Бірақ қызметкерлер бейнекамералардың басқа жазбасын көрсете алмады. Ал Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің мамандары балабақша басшылығының қателігін растап отыр.

– Аталған дерек ҚР ҚК 141-бабының 2-бөлігі бойынша полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын толық, объективті және жан-жақты зерттеуді қамтамасыз ету үшін қажетті сараптамаларды тағайындалды. Тергеу іс-шаралары жүргізілуде, – деді ПД баспасөз хатшысы Ернар Сәйділдин.

Білім бөлімінің мамандары балабақша басшысын жұмыстан босатумен ғана шектеліпті. Сондықтан тілшілер алдында мекеме басшысы да, тәрбиешісі де төбе көрсетпеді. Ал ауыл адамдарының сөзіне сенсек, бұл нысанға қатысты шағым бұрын да болған. Көпшілік «бір топтағы 25 балаға бір ғана ұстаз аздық етеді» дейді.

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ауыз судан тарыққан егіндікөлдіктер бастама көтерді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир