Нұр-Сұлтанда көлігінің мемлекеттік нөмірін қолмен өзгертіп алған азамат ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл туралы елордалық Полиция департаментінің өкілдері мәлімдеді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың блогына және Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің әкімшілік полициясына Шымкент тұрғыны жүгініп, 2018 жылдан 2019 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта көлігімен елордада жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтардың айыппұлдарын төлеу туралы ұйғарым келгендігін жазған. Полиция қызметкерлерінің тексеруі барысында көлік құралынан жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдаланған жүргізуші анықталды.
«Өзім басқаратын Mercedes-Benz көлігінің мемлекеттік нөмірі – 383 FEB 13. Сондағы F әрпін қара жапсырғышпен E әрпіне өзгертіп алдым. Кінәмді толық мойындаймын. Келген шығынды толығымен төлеймін және 383 ЕEB 13 нөмірінің жүргізушісінен кешірім сұраймын», - дейді кінәлі жүргізуші.
Полиция департаментінің мәліметінше, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлі көлік коммуналдық тұраққа жеткізіліп, жүргізушінің үстінен әкімшілік хаттама толтырылды. Ол 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуі немесе 1 жылға көлік басқару құқығынан айрылуы мүмкін.