Биыл 4 адам батып кетті: құтқарушылар мұз үстінде жүрудің қаупі туралы ескертеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Төтеншеліктер көктем жақындаған сайын мұздың жұқара бастағанын айтып, дабыл қағуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жыл басынан бері Қазақстанда 4 адам мұзға батып кеткен. Оның біреуі – бала. Енді мұндай қайғылы оқиға қайталанбасын деген мамандар қыс түскелі су тоғандарындағы тексеру жұмыстарын да жиілетіпті. Өкініштісі, қаупіне қарамастан, балық аулап, көл жағалайтындар азаймай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір ғана Алатау ауданының өзінде 3 су тоғаны бар. Қыс түскенде мұнда балық аулап, мұзда сырғанайтындардың қарасы көбейеді. Төтеншеліктер «Мұз үстінде жүрудің қаупін тұрғындарға жиі ескерткенімізбен, оны елемей жүргендер көп» дейді. Мысалы соңғы 2 айда 60 түсіндіру жұмысы жүргізіліп, 1800-ге тарта тақтайша орнатылған. Бүгін де бұл жұмыс Алатау ауданында жалғасын тапты.

Көктем жақындаған сайын көк мұз да жұқара бастаған. Ал көл үстіндегі адам іздеріне қарап, көпшілік ұзын жолды төтелеп жүре ме дейсің. Мамандар енді мұның қауіпті екенін ескертіп, елдің есіне ертерек салып жатыр. Себебі онсыз да қалың боп қатпаған мұз кез келген уақытта ойылып кетуі мүмкін.

2020 жылы Алматыдағы осындай су тоғандарының бірінде 3 бала мұзға батып кеткен еді. Қайғылы оқиға тағы да сол қауіпсіздік талабын сақтамаудан болған. Бұл тұста мамандар түсіндіру жұмыстарын әуелі оқушылардан бастау керек дейді. Себебі, ерігелі тұрған мұзды ермек ететіндердің басым көпшілігі – балалар.

«Негізінен, балалар ойнауы үшін мұздың қалыңдығы 7 см-ден кем болмауы керек. Ал егер топталып ойнаса, хоккей ойнаса мұздың қалыңдығы 12 см-ден кем болмауы тиіс. Балықшылар мен аңшыларға да арнайы жадынама таратамыз», – деді Алатау аудандық ТЖБ бас маманы Марат Есалиев.

Төтеншеліктер қала тұрғындарына күн жылынған кезде су бетіне, мұз үстіне шықпауға кеңес береді. Сондай-ақ мамандар ең қауіпсіз мұздың көгілдір түсті болатынын, ал ақ түсті мұз тығыздығының екі есе төмен екенін ескертеді.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров