Біреуге жан қайғы, ал біреуге мал қайғы. Жамбыл облысында ауданның білдей бас дәрігері пара алып ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол бас пайдасын ойлап, жеке кәсіпкерден 800 мың теңге көлемінде ақша алған. Енді ақ халатты алдағы 3 жылын тар қапаста өткізеді.
Медициналық мекемеге қатысты жемқорлық дерегі 2019 жылдың 12 маусымында орын алған. Жеке кәсіпкер мемлекеттік сатып алу бойынша аудандық ауруханаға құрғақ балалар тағамын алып келуі керек болған. Жұмыс бітіп, орындалған актіге қол қояр тұста бас дәрігер Бекболат Құрманәлі 800 мың теңге пара талап еткен. Кәсіпкер құзырлы мекемеге арызданған. Ал, ақ халатты ақшаны ұялы телефонның ұяшығынан алмақшы болған.
Сәби сүтін саудалаған дәрігердің ісін жемқорлыққа қарсы департамент сотқа жолдаған. 2019 жылдың 12 қарашасындағы іске қатысты сот үкімі шықты. Бас дәрігер ҚР қк-тің 366-бабы 2-бөлімімен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оған қоса өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығы жойылды.
«2 млн 800 мың теңгенің 2 миллионына зат беріп, 800 мыңын пара ретінде талап еткен. Яғни, 3-тен 1 бөлігін бізге бересің деген. Сол 800 мың теңгені беру, алу үстінде ұсталған. Тергеу кезінде бас дәрігер Құрманәлі тағылған айыпты толықтай мойындап, дәлелін тапты», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жасұлан КЕРІМБАЕВ.
Аудандағы сенімді өкілдерінің әрекетінен соң, облыстың бас дәрігері мемлекеттік сатып алу конкурсына енді бақылаудың болатынын айтуда. Ол үшін бақылау кеңесі де құрылған көрінеді. Оған қоса бұрын жылына бір рет берілетін есепті енді екі рет тапсырады. Мамандардың айтуынша, жасалып жатқан шаралар, алдағы уақытта жемқорлықтың алдын алмақ.
Мерей Бает Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан