Қалада күшейтілген карантин режимі орнатылса да, оған салғырт қарайтындар азаймай тұр. Бүгін Әуезов ауданының мобильді тобы "Сайран" автобекетінде Таразға жолаушылар тасымалдаумен айналысып жүрген көлік жүргізушісін ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, 2 тамызға дейін облыс арасында автобуспен жолаушы тасымалына тыйым салынған еді. Сондықтан жүргізуші ғана емес, жолаушыларға да түсініктеме жазуға тура келді.
«Бүгінгі күнге дейін 5 шілдеден бастап, мобильді топпен 245 обьектіні тексердік. Соның ішінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынып жатыр. Бұдан былай, автобустағы маска тақпай жүрген жеке тұлғаларға да хаттама толтырып, айыппұл салатын боламыз», – деді Әуезов ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Бижанова.
Айта кетейік, барлық ауданда 3 мобильді топ демалыссыз тексеру жүргізіп жатыр. Бірінші топ – қаладағы шағын және орта бизнес нысандарын тексерсе, екіншісі – қоғамдық көліктегі адамдардың маска тағуын қадағалайды. Ал, үшінші топ – дәріханалардағы үлкен сұранысына ие препараттардың жеткілікті болуын және баға тұрақтылығын бақылаумен айналысады.