Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары көгілдір отынға уланып қалды. Табиғи газдың өткір иісіне тұншыққан 4 қыркүйекте 8 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты 5 бірдей елдімекеннің тұрғындары түнде көз ілмей шықты. Олар ауыл ішін басқан газдың өткір иісіне тұншығып қалған. Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл, Қопа, Құмсайдағы жұрттың басы айналып, жедел жәрдем көмегіне жүгінген.
– Науқастар ауруханаға түскенде жағдайы қалыпты болды. 4 адамды бірден үйге жібердік, қалған төртеуін бақылауға алдық. Таңертең өзгеріс жоқ болғандықтан, бәрі үйіне шығарылды, – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров,
Тұрғындардың айтуынша, ауылға көгілдір отын тарататын мекеме сағат 08:00-ден сағат 20:00-ге дейін газ беруді тоқтатыны туралы хабарлаған. Ал қайта қосқан кезінде ауаға өткір иіс тараған.
– Дүйім жұрт түн ішінде далада жүрміз. Балаларда да, үлкендерде де ұйқы жоқ, – деді қала тұрғыны Ардақ Құбашева.
Жұрт жан ұшырып өздігінен жауапты мекемелерге хабарласқанын айтады. Алайда ондағылар мардымды жауап қатпаған.
– 4 қыркүйекте газ тартатын мекеме жоспарлы жұмысқа қатысты көгілдір отын беруді уақытша тоқтатты. Жұмыс толық аяқталған соң, сағат 18.30-да газ берілді. Сағат 20:00-де тұрғындардан жағымсыз иіске қатысты шағым түсе бастады. Құрамындағы одоранттың мөлшері көп болды деп ойлаймыз, – деді газ тасымалдаумен айналысатын компанияның директоры Руслан Әміртаев
Өңір экологтары газ иісінің ауыл тұрғындарының денсаулығына тигізер әсерін анықтап жатыр.
– Осы мәселе қаралып жатыр. Одорант қоспасының қаншалықты қосылғанын, адамға не себепті әсер еткенін анықтайтын боламыз, – деді облыстық Экология департаменті бөлімінің басшысы Тұрар Қожанов.
Жергілікті жұрттың айтуынша, Кеңқияқта келеңсіз жайт алғаш рет болып тұрған жоқ. Бірнеше жыл бұрын да ауыл түрғындары газға уланып қала жаздаған.
Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысы
Оқи отырыңыз: Қателік құны: балабақша басшылары сот шешіміне наразы