Бұдан былай карантин уақытында құқық қорғаушылардың өзіне де анықтамасыз қатынауға рұқсат етілмейді. Мұндай шешім Алматы қаласы жедел штабының кезекті отырысында қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал қала тұрғындары карантин тәртібін қалай сақтап жүр?
Карантин режимі 13 сәуірге дейін ұзартылып, қауіптің алдын алу шаралары мен тәртіп күшейе түсті. Тіпті, бұрын Алматыдағы блок-бекеттер арқылы еркін қатынап жүрген басқа облыстардың құқық қорғаушылары, енді аймақтық органның бірінші басшысының қолы қойылған қағазбен ғана қалаға кіре алады. Осындай қатаңдатылған шаралар, тіпті, тәртіп сақшыларына дейін қолданылып жатқанымен, қала тұрғындары арасында ережені елемегендер де баршылық. Мемлекет тарапынан қаншама ескертулер айтылып жаста да, қалалықтар серуенге шығып, аулада балаларын ойнатқанды доғармаған сыңайлы.
Әлемдегі пандемияны көзбояушылық санайтындар мен, «бізге жұға қоймас» дейтіндер қатаң тәртіпке қарамастан, денсаулығын қатерге тігіп, карантинді «демалыс» іспеттес санайтын көрінеді. Тек, тексеріс жасап жүрген тәртіп сақшыларын көздері шалса, заңның құдіретін түсінгендей, ат тонын ала қашады.
Қалыптасқан жағдайда тәртіп сақшылары осындай заң бұзушылықтармен қатал күресуге мәжбүр. Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметі бойынша, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап 346 адам Қазақстан Республикасы Әкімшілік Құқықбұзушылық кодексінің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның 172-і сот шешімімен әкімшілік қамауға алынса, қалғандарына айыппұл салыныпты. Соңғы тәулікте себепсіз сыртқа шыққан 19 жаяу жүргіншінің 2-уіне, сондай-ақ, 115 көлік иесіне айыппұл салынып, 28 көлік айыптұраққа жіберілген. Ол аздай, карантин кезінде нәпсіге бой алдырғандар да кездесіп жатыр. Мәселен, 5 сәуір күні тексеріс кезінде Алматы моншаларының бірінде полиция қызметкерлері жеңіл жүрістілер мен бір топ келушілерді, сондай-ақ, сол жерде қызмет көрсетіп жүргендерді әшкерелеген.
ГРАФИКА
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІН БҰЗҒАНЫ ҮШІН 26510 ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ АЙЫППҰЛ НЕМЕСЕ 15 ТӘУЛІККЕ БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ТҮРІНДЕГІ ӘКІМШІЛІК ЖАЗА ҚОЛДАНЫЛАДЫ
19 НАУРЫЗДАН БАСТАП 346 АДАМ ҚР ӘҚБТК-НІҢ 476-БАБЫ БОЙЫНША ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ
172 АДАМ СОТ ШЕШІМІМЕН ӘКІМШІЛІК ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
17 ЖАЯУ ЖҮРГІНШІГЕ СЕБЕПСІЗ СЫРТҚА ШЫҚҚАНЫ ҮШІН АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
2 ЖАЯУ ЖҮРГІНШІ СЕБЕПСІЗ СЫРТҚА ШЫҚҚАНЫ ҮШІН ӘКІМШІЛІК ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
115 КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ
28 КӨЛІК АЙЫП ТҰРАҒЫНА ЖІБЕРІЛДІ
Төтенше жағдай уақытында осылай жеке бизнесін тоқтатпай, заңға бағынбағандары үшін арнайы жаза қолданылатын болады.
«Бостандық ауданы Алатау ықшам ауданында жұмысын тоқтатпаған сауна анықталды. Сол жерде болған администратор, 3 келуші, 5 жеңіл жүрісті қыздар мен 2 жүргізуші 476-бап бойынша карантин ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұндай жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамалады. Ал, олар жезөкшелікпен айналысқаны үшін іс сотта қаралады. Осындай тұрғындардың заңды түсінбей ғана қоймай, оны бұзып, қарсылық көрсететіні өкінішті. Тіпті, карантин туралы естімедік дегендері де бар», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Енгізілген барлық ережелер мен қатаң шаралар елдегі кеселді тоқтатып, халықтың денсаулығы мен өмірін аман сақтау мақсатында жасалуда. Ал, мұны түсіне қоймаған тұрғындар өзін және өзгелерді қауіпке итермелейді. Бүгінде Алматы қаласының өзінде 119 адам қауіпті вирусқа шалдығып, 6 адам бақилық болған. Сондай-ақ, 33 жұқтыру ошағы анықталған. Қалада бұған дейін белгілі болған 16 жұқтырудың 5-фактісі бір отбасының мүшелерінен анықталған.
Яғни, коронавирустың қауіптілігі – адам бұл індетті жұқтырып алғанын өзі білмеуі де мүмкін. Сондықтан да сау адамдай сезініп, далаға шығып, елмен араласып жүріп, 1 аптада кемінде айналасындағы 3 адамға жұқтырады. Олардың әрқайсысы үш-үштен тоғыз адамға жұқтырады. Тоғыз адам тағы да вирусты айналасындағыларға таратады. Індет осылай жайылады. Алайда үйде отыру арқылы вирустың таралуын тоқтатуға болады. Қалай? Мысалы, 1 адам достарымен кездеспей-ақ қойса, мына адам жұмысын үйде істесе, мына кісі дүкенге шықпаса, келесісі туысына барсама болғаны. Осындай шаралар вирустың жұғу қаупін 670-тен 15-ке дейін төмендетеді. Елдегі кеселді тоқтатам десеңіз, карантин ережелері мен тазалықты сақтап, үйде отырғаныңыз абзал.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы