|
24.01.2022 | 21:03
1264

Құрылыс орнында көз жұмған кран жүргізушісінің отбасына көмек көрсетіледі

Қазір бұл іс бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы тексеріс жұмыстарын бастап та кетті

Құрылыс орнында көз жұмған кран жүргізушісінің отбасына көмек көрсетіледі Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылыс алаңында болған қайғылы жағдайдан соң қаладағы барлық 114 нысанда тексеріс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ өндіріс орнындағы кран жүргізушісінің өліміне қатысты мән-жайды тез арада анықтауды бұйырды. Бұл туралы шаһар басшысы қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі штаб отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайғылы оқиға құрылыс алаңында болған. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметке сүйенсек, биіктігі шамамен 45 метр болатын техника жерге құлап, салдарынан 49 жастағы тәжірибелі кран жүргізушісі қайтыс болған. Алайда жауапты мамандар тілшілерді ішке кіргізбегені өз алдына, ресми сұхбат беруден бас тартты.

Кран жүргізушісінің мезгілсіз өліміне қатысты қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгінгі отырыста жауаптыларға мәселені тез арада анықтауды тапсырды.

«Айдың күннің аманында, ешқандай боран жоқ, жел жоқ, кран құлап, азаматымыз қайтыс болып кетті. Осы құрылыстағы жұмыстар бойынша қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?» – деп сұрады қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.  

«Бүгінде 114 кран құрылыс алаңында орналасқан. Мына жағдай бойынша кранның құлау себебі – метал ескірген. 2020 жылы өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетің рұқсатымен қойылған», – деді Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Руслан Қасыбаев.

Оқи отырыңыз: Б. Сағынтаев Алматыдағы барлық мұнара кранының жағдайын тексеруді тапсырды

Артынша мердігер компанияның сайтында ресми мәлімдеме шықты. Онда мекеме басшылығы марқұмның отбасына көңіл айтып, алдағы уақытта материалдық көмек болатынын жеткізген. Қазір бұл іс бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы тексеріс жұмыстарын бастап та кетті. Ал мамандардың айтуынша, кранның құлау себебі техниканың ескіргендігінен болуы әбден мүмкін. Соған орай қаладағы барлық құрылыс нысанында пайдаланылатын крандар толық тексерістен өтпек.

Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир