Елорда іргесіндегі Қоянды ауылында бірнеше үйді қызыл су басып қалды

Елорда іргесіндегі Қоянды ауылында бірнеше үйді қызыл су басып қалды
Әлі де қауіп сейілген жоқ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елорда іргесіндегі Қоянды ауылының бірнеше тұрғын үй мен аулаларын қызыл су басып қалды. Ал, тұрғындар жақындары мен таныстарының үйлерін паналауға мәжбүр. Төтенше жағдайдан зардап шеккен жұртқа өтемақы төлене ме? Не себепті село жылда су астында қалады? Almaty.tv тілшісі  Асылбек Тойбек тарқатады.

Рәна Екпін үйін су басып кетіп, барар жері қалмаған. Таныстарының үйін паналап шыққан. Әкімді осылай далада күтіп отырғанын айтады. Босануға ай-күні жақындаған Рәна үйін кімнің қалпына келтіріп берерін білмейді.

«Міне, анау тұрған ағаштың үстінде отырмын, әкімнің жолын күзетіп қашан келеді екен деп. Әкім білмеймін, Қояндының басқа да жерлерінде осындай жағдай болып, соған кеткен шығар... Жыл сайын болатын проблеманы неге жаздың күні шешіп қоймайды? Мысалы, соның салғырттығынан дейікші, менің үйім суға кетті», – деді  Қоянды ауылының тұрғыны Рәна Екпін.

Суға кеткені соншалық – ішіндегі киім-кешектері, дүниелері мен барлық техникалары жарамсыз болып қалған.

Түсірілім жүргізіліп жатқанда әкім де артынша көп уақыт өтпей жетті. Оның сөзінше, мәселе жылдан-жылға қайталанады.

«Себебі аталған жер телімдері бастапқыда заңсыз берілген. Алаяқтық әрекеттерге ұрынып қалған тұрғындар. Өкінішке қарай, аталмыш жер телімдерін заңдастыруға тура келді... Жер телімдері көктемгі су ағысының жолында орналасқан. Енді бұл әрекетті шешу үшін аталмыш көшелер жол құрылысы жобасына қосылып, биыл жол салынады, суағарлармен және су өткізетін құбырлармен», – деді Қоянды селолық округінің әкімі Айбек Есеев.

Тұрғындардың сөзінше, су үйлеріне кіргенде әкімдік пен құтқарушылар жылдам уақытта жетпегендіктен амалы таусылып, өз күшімен қауіпсіз жерге шығуға мәжбүр болған. Қолына тек құжаттарын ғана алып үлгеріпті. Ал, әкімнің сөзінше, 3 үй мен 10 ауланы су басқан. Әлі де қауіп сейілген жоқ дейді.

Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге ТЖД мен жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдары жұмылдырылған. Атап айтқанда, 49 адам, 17 бірлік техника, 9 бірлік мотопомпа тасқынға тосқауыл қойып жатыр. Ал, зардап шеккен тұрғындардың шығынын есептеу үшін акт толтырылыпты. Соның аясында бағалау жүргізіліп, өтемақы төлеу бойынша сот шешім шығарады.

Асылбек Тойбек


Новости партнеров