Мәжіліс депутатының айтуынша, Конституцияны жаңадан әзірлеу – қазіргі Қазақстан үшін аса маңызды әрі прогрессивті қадам
Астанада «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» тақырыбында өткен сарапшылар диалогында Ерлан Саиров сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасының маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мәжіліс депутатының айтуынша, Конституцияны жаңадан әзірлеу – қазіргі Қазақстан үшін аса маңызды әрі прогрессивті қадам. Оның пікірінше, 1995 жылы қабылданған Ата Заң сол кезеңнің талабына сай болғанымен, бүгінгі таңда моральдық тұрғыда ескірген. Себебі ол уақыт ел үшін ауыр экономикалық дағдарыспен, нарықтық қатынастарға енді ғана қадам басқан өтпелі кезеңмен тұспа-тұс келді. Мұндай жағдайда халықтың Конституция мәтінін жан-жақты оқып, талқылауға мүмкіндігі болмаған. Нәтижесінде негізгі құжатты бар болғаны 15 адам дайындаған.
Ал жаңа Конституция жобасы мүлде басқа жағдайда әзірленген. Құжат қазақ тілінде дайындалып, оны талқылауға еліміздің түрлі өңірлерінен 130-ға жуық маман қатысқан. Олардың қатарында заңгерлер, теоретик ғалымдар, тәжірибелі практиктер және аймақтардан келген қоғам белсенділері бар. Депутаттың сөзінше, бұл – Конституцияның шын мәнінде халықтық сипат алуына жол ашқан маңызды өзгеріс. Бүгінде барлық өңір тұрғындары жаңа жоба мәтінімен танысып, оны қолдап отырғаны да атап өтілді.
«Тұрақтылықты қалыптастырудың демократиялық әдісі ретінде Құрылтай мен Халық кеңесі институты енгізіліп отыр. Құрылтайға келетін болсақ, Қазақстанда өте мықты президент институтын сақтай отырып, Құрылтай әртүрлі билік тармағында бақылау функциясы артып отыр.
Біріншіден, үкіметті бақылау функциясы. Екіншіден, бюджетті бақылау функциясы. Үшіншіден, мемлекеттік органдарды бақылау функциясы. Егер бюджетті талқылау кезінде Құрылтай бюджетті қолдамаса, онда бұл үкіметке деген сенімсіздік вотумы болып саналады.
Екіншіден, депутаттардың үштен екісі белгілі бір министр өзінің қызметін орындай алмай жатыр деген шешім қабылдаса, онда Президент сол министрді қызметтен алуға міндетті болады», - деді Ерлан Саиров.
Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа Конституцияны қолдауға арналған дөңгелек үстел өтті