Дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі
Бүгін жарияланған жаңа Конституция жобасында азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау мәселесі алғаш рет конституциялық деңгейде нақтыланды. Құжатта жеке өмірге қол сұғылмау және дербес деректерді қорғау қағидаттары заманауи талаптарға сай толықтырылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жобаның ІІ бөліміндегі 21-бапқа сәйкес, әркімнің жеке және отбасы құпиясына құқығы бар. Сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғауға заңмен кепілдік берілетіні көрсетілген.
Бұдан бөлек, банк операцияларының, жеке салымдар мен жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің және цифрлық технологиялар арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалатыны атап өтілген. Бұл құқықтарды шектеу тек заңда белгіленген тәртіппен ғана мүмкін.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен өзге де субъектілер әр азаматқа оның құқықтары мен мүдделеріне қатысты ақпаратпен танысуға мүмкіндік беруге міндетті.
«Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжатпен, шешiммен және ақпарат көзiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi», - делінген жаңа Конституция жобасындағы 21-баптың 3-тармағында.
Осылайша, жаңа Конституция жобасы цифрландыру дәуіріндегі жеке өмірді қорғау тетіктерін күшейтіп, азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды нормаларды бекітіп отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Егер жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесінде жаңа Конституция қабылданса, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал қабылданған күн мемлекеттік мереке – Конституция күні болып жариялануы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында қос немесе көп азаматтыққа тыйым салынды