Президенттікке кандидаттар сайлауалды насихат жұмысын белсенді атқарып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өндіріс орындары мен білім ошақтарын аралаған үміткерлер алдағы жоспарымен қатар, күрмеулі мәселелерді шешудің жолдарын ұсынып отыр.
Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездесіп, сайлау науқанын талқылады. Бірлестік өкілдері үгіт-насихат жұмыстарымен танысып, медиа-штабты көрді.
«Еліміз, жеріміз аман! Дами берсін десеңіздер, отбасыңызбен бірге келіп, дауыс беріңіз», – деді «Генералдар кеңесі» РҚБ мүшесі Дәулет Салханов.
Мейрам Қажыкен бірқатар өңірді аралап, өндіріс орындарының жұмысшыларымен, дәрігер, ұстаздармен, кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Ал кандидаттың штабы байқаушылар тізімін жасап, оларды оқыту мәселесін қарап жатыр.
«Әркім өзінің азаматтық таңдауын жасаса дейміз. 20 қарашада сайлау учаскесіне барып, науқанға қатысқаны жөн. Бұл – болашағымыз үшін маңызды қадам», – деді облыстық штаб басшысы Галина Казанцева
Ал Қарақат Әбден Ұлытауға сапары кезінде Жезқазған жастарымен жүздесті. Студенттерге сайлауалды бағдарламасын таныстырып, жатақханамен қамту, шәкіртақы мөлшері, жас мамандарды жұмысқа орналастыру сияқты түйткілдерді талқылады.
«Өзіміздің ойымызды жақсы жеткізе алдық. Өзімізге керек жауапты ала алдық. Кандидатпен өткен кездесу өте жоғарғы деңгейде өтті деп ойлаймын. Өйткені барлық сұраққа жауап ала алдым», – деді студент Жәнел Исаева.
«Ауыл» партиясынан ұсынылған Жигули Дайрабаев жақтастарымен бірге Алматы облысына үгіт-насихат жүргізуін жалғастырып жатыр. Бұл жолы кандидат Шелек ауылындағы балық комбинатына ат басын тіреп, бағдарламасын таныстырды.
«Менің қолымда ұстап тұрған – Арал бекіресі. Арал бекіресі Сырдария аймағында өскен. Осыдан 55 жыл бұрын тарихын жоғалтқан балық қой», – деді президенттікке кандидат Жигули Дайрабаев.
Оппозициялық партия атынан қатысушы Нұрлан Әуесбаев насихат жұмысын әлеуметтік желілер арқылы жүргізіп, оқырмандармен тікелей байланысқа шықты. Сондай-ақ ол Астанадағы тығыз құрылысқа қатысты жиынның қорытындысын бөлісті.
«5 қарашада тығыз орналасқан құрылысқа байланысты өткізген минтингке қатысты қорытынды жасадық. Бір шешімге келіп, арнайы мәлімдеме дайындап жатырмын», – деді президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев.
Президенттікке тағы бір үміткер Салтанат Тұрсынбекова Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне гүл шоғын қойып, бостандық үшін қыршын кеткен жандардың рухына құран бағышталды.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіз ел атанғанына биыл 31 жыл толады. Сонау ғасырлар бойы қиыншылықты басынан өткерген халқымыз үшін тәуелсіз ел атану – ең қымбат асыл қазына», – деді президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова.
Айта кетейік, кезектен тыс президент сайлауының өтуіне екі аптадай уақыт қалды. Үміткерлер үгіт-насихат жұмысын науқанға бір күн қалғанда тоқтатады.
Назкен Еркін, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы