|
10.11.2022 | 18:59
2975

Сайлау -2022: Үміткерлер сайлауалды бағдарламасын таныстыруды жалғастырып жатыр

Саяси науқанның өту барысын партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары бақылайды

Сайлау -2022: Үміткерлер сайлауалды бағдарламасын таныстыруды жалғастырып жатыр Almaty.tv

11 қарашадан бастап ҚР Президенттігіне кандидаттар арасында сайлауалды теледебаттар өтеді. Пікір-сайыстар тікелей эфирде көрсетіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде үміткерлер жер-жерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың штабы осыған дейін елдің 10 өңірін аралап, жалпы 13 мыңға жуық үгіт-насихат жұмысын жүргізген. Бұл жолы Павлодар облысына ат басын бұрған штаб өкілдері жұртшылылықты сайлауалды бағдарламамен таныстырды.

«Республикалық қоғамдық штаб бүгін Павлодар облысының халқымен кездесіп жатыр. Үгін-насихат жұмыстарын қалада ғана емес, облыс орталығында да жүргіздік», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Қ. Тоқаевты қолдау республикалық қоғамдық штабы делегациясының басшысы Асхат Оралов.

Ал Мейрам Қажыкен Маңғыстау облысына барып, жергілікті жұртқа сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Тұрғындармен жол жайын талқылады.

«Атырау-Астрахань» тас жолының мәселесін көтерді. Себебі ол жерде жол апаты көп болады, жол сапасыз, салынбаған. Негізі осы кәсіподақтарға зейін қойып жұмыс жасауға өзі ұсыныс жасады», – деді ҚР Президенттігіне үміткер М. Қажыкенді қолдау өңірлік штабының басшысы Жақсығали Құдайбергенов.

Қарақат Әбден Қызылорда қаласының тұрғындарымен кездесіп, артынша Арал қаласындағы шаруалардың кәсібімен танысты. Қожалық түйе, жылқы, ірі қара өсіріп, балабақшаларды сүт өнімдерімен қамтып отыр екен. Өз кезегінде үміткер фермерлерге сайлауалды жобасын ұсынды.

«Жігіттер жоңышка, дәнді-дақылдар егумен айналысып жатыр. Халықтың бәрі көкөніс өнімдерімен айналысуға құлшыныс жасады. Кім еңбек еткісі келеді, жұмыс табылады», – деді шаруа Зияғаладин Өтенов.

Сайлауға «Ауыл» партиясынан түсетін Жигули Дайрабаев Астанадағы шағын кәсіпорындардың жұмысын көрді. Сондай-ақ тігін фабрикаларының біріне барып, насихат жүргізді. Мұнда трикотаж, шұлық және әскери заттар шығаратын цехтар бар.

«Тігін цехінде екі кезеңмен 70-80-ге жуық тігінші жұмыс істейді екен. Бұл кісілердің бәрімен сөйлестім. Айлықтарын білдім, қанағаттандырады», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Жигули Дайрабаев.

Ал Нұрлан Әуесбаев көпбалалы аналармен кездесті. Жиында мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмектің нашарлығы, балабақша мен мектептің жетіспеушілігі туралы мәселелер көтерілді.  

«Кездесу өте тартысты өтті. Әр алуан сұрақ болды. Көкейімізде жүрген келелі мәселелерді көтерді. Көптеген аналар өздерінің жанайқайын айтты. Ол қойылған сұрақтың бәрі өте орынды», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаев.

Үгіт-насихат жұмыстарын Қостанай облысында жалғастырып жатқан Салтанат Тұрсынбекова адвокатура, нотариат, прокуратура өкілдерімен жиын өткізді. Кандидат олардың шешілмей жатқан түйткілдерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.

«Адамның құқығын қорғайтын институт өкілдері өздерінің саласындағы проблемаларды айтып, оның шешілмеуі адамдардың құқықтарын толыққанды, сапалы қорғауға мүмкіншілік бермейтінін атап өтті», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Салтанат Тұрсынбекова.

Айта кетейік, саяси науқанның өту барысын партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары бақылайды. Олар дауыс беру барысына кедергі келтірмей фото, видео және дыбыс жазбасын жасай алады.

Назкен Еркін, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир