|
22.11.2022 | 15:56
936

Сайлау нәтижесі ел бірлігін көрсетті

Мемлекет басшысының ант беру рәсімі 26 қараша күні өтеді

Сайлау нәтижесі ел бірлігін көрсетті Ақорда

Кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы саяси науқанның нақтыланған нәтижесін жариялады, деп хабарлады Almaty.tv.

Кеше айтқан алдын ала қорытындыдан бүгінгі сандарда айырмашылық жоқ. Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз даусын жинап, саяси додада басқа кандидаттардан озып шықты. Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейін Жигули Дайрабаев тұрса, үшінші орынға Қарақат Әбден жайғасқан.

Орталық сайлау комиссиясы өңірлер мен шетелдегі сайлау учаскелерінен алынған дауыс беру нәтижелерін бекітті. Сайлау қорытындысы бойынша, 20 қараша күні 8 миллион 300 мыңнан аса адам немесе сайлаушылардың 69,44 пайызы таңдау жасапты. Осы жолғы саяси доданың ерекшелігі – бюллетенде «бәріне қарсымын» деген бағанның болуы. Дауыс берушілердің 400 мыңнан астамы сол нұсқаны таңдаған екен.

«Бәріне қарсымын» бюллетендердің саны 460 мың 484 немесе 5,8 пайыз. Осылайша сайлаудың кеше жарияланған алдын ала қорытындыларын ресми келіп түскен хаттамаларымен расталды», – деді ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.

«Халықтың басым бөлігі Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдап дауыс берген. Бұл елдің ертеңгі күнге, жарқын болашаққа сенгендігінің көрінісі» дейді саясаттанушы Азаматхан Әміртаев. Оның айтуынша, Қазақстан қазір маңызды кезеңде тұр. Себебі әлемде болып жатқан түрлі оқиғалармен тұспа-тұс келген күрделі шақта абдырап қалмай, алға жылжу керек. Бұл орайда билік өте батыл әрекет етіп жатыр.

«Халықтың көбі Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім көрсетті. Біз әр өңірді араладық. Ауылдарда болдық. Байқағанымыз, халықтың 60-70 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп отырғанын, үміті бар екенін көрдік. Мына сайлау ашық өтті деуге болады. Ашық, заңды өтті деуге болады», – деді саясаттанушы Азаматхан Әміртаев.

Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым сайлау нәтижесі ел бірлігі мен болашаққа деген сенімді көрсеткенін айтты. Ол Әлем теңселіп, геосаяси ахуал тұрақсыз кезде басшымызды сайлап, алға қарай сенімді қадаммен жылжыған абзал екенін атап өтті.

«Менің ойымша тағдыр шешті сайлау деп айтуға болады. Бұл – шынымен де өзіміздің 7 жылдық перспективамызды, болашағымызды айқындаған сайлау. Алдағы 7 жылда қалай дамимыз? Осы сұраққа жауап беретін елдігімізді, мемлекетіміздің тұтастығын, бірлігін қамтамасыз ететін үлкен саяси науқан деп айтуға болады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Сайлаушылардың 81,31 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевты, 3,42 проценті Жигули Дайрабаевты, ал 206 мың 206 адам Қарақат Әбденді таңдапты. Одан кейінгі орындарда, Мейрам Қажыкен, Нұрлан Әуесбаев, Салтанат Тұрсынбекова тұр. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы халық сайлаған Қасым-Жомарт Тоқаевты президент ретінде тіркеді. Енді, Мемлекет басшысының ант беру рәсімі 26 қараша күні өтеді.

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНЫҢ РЕСМИ ҚОРЫТЫНДЫСЫ:

• Қасым-Жомарт Тоқаев – 6 млн 456 392 адам (81,31%)

• Жигули Дайрабаев – 271 641 адам (3,42%)

• Қарақат Әбден – 206 206 адам (2,6%)

• Мейрам Қажыкен – 200 907 адам (2,53%)

• Нұрлан Әуесбаев – 176 116 адам (2,22%)

• Салтанат Тұрсынбекова – 168 731 (2,12%)

• Бәріне қарсымын – 460 484 адам (5,8%).

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

сайлау
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир