|
19.03.2023 | 18:37
410

Шымкентте 330 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр

Мегаполис бойынша жалпы саны 639 мың 600 сайлаушы бар

 Шымкентте 330 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр Almaty.tv

"Шымкент қаласындағы сайлау учаскелері де қызу жұмыс істеп жатыр. Ал алғаш дауыс бергендер мен туған күн иелеріне түрлі сыйлық табыс етілді", - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполис бойынша жалпы саны 639 600 сайлаушы бар. Алғашқылардың бірі болып қала әкімі де саяси науқанда таңдауын жасады. Шымкентте 330 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.

Төрт күн бұрын ғана кәмелет жасына толған Ерназар Өсербай да бүгін таңдауын жасады. Жасөспірім сайлаудан өзгеріс күтетінін айтады. Алғаш рет дауыс беруге қатысқан ол сайланатын депутаттар халық игілігі үшін аянбай еңбек етеді деген сенімде.

«Қазақстанның болашағын ойлағандықтан, дауыс беріп жатырмын. Қазақстан қарқынды дамыса екен деймін. Жастарды қолдап, болашағымыз үшін дауыс бердім», – деді Шымкент қаласының тұрғыны Ерназар Өсербай.

Қаладағы тергеу изоляторындағы №132 сайлау учаскесінің есігі де таңғы сағат 7:00-де ашылды. Шымкент пен Түркістан облысына қарасты №69 тергеу мекемесінде 700-ден аса сотталған және тергелуші бар. Оның 542-сі дауыс беру құқығына ие. Ал 2,5 сағаттың ішінде тіркеудегі барлық азамат таңдауын жасап үлгерген.

«Біздің тергеу изоляторында 756 адам бар, оның 542-сі дауыс бере алады. Сотталғандар, кәмелетке толмағандар және басқа елдің азаматтары дауыс бере алмайды. Дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталды. Толық бәрі дауыс беріп біткенше жалғасады. Сағат 10:00-ге дейін тергеудегілердің 95 пайызы дауыс беріп үлгерді», – деді №69 тергеу изоляторының басшысы Ермек Жалғасбаев.

Айта кетейік, саяси науқан күні қоғамдық көліктер қала тұрғындарына тегін қызмет көрсетті. Бүгін шымкенттіктер таңнан кешке дейін төлем картасын қолданбастан, қалаған жеріне бара алады.

Гүлдана Дәурен, Абзал Тұрабек, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир