Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Grammy сыйлығына ие болған Иманбек Зейкеновті құттықтады, Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің жазуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық Иманбек Зейкеновке аса беделді Grammy музыкалық сыйлығының табыс етілуі жөніндегі жаңалықты зор қуанышпен қабылдады.
«Өзінің таланты мен мақсат қоя білуінің арқасында диджей Imanbek әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірін иеленді. Оның шығармашылығы қазақстандық жастардың да ең биік шыңдарды бағындыра алатынын дәлелдеді.
Президенттің атынан Иманбекті осы жарқын жеңісімен құттықтаймын және жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!» – деді Б.Уәли.
Еске салайық, қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтің SAINt JHN атты әншінің Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығын жеңіп алды. Сыйлық жеңімпаздарын жариялау рәсімі 14 наурызда өтті.
Әлемге танымал болған павлодарлық диджей таяуда Rita Ora және David Guetta сияқты әлемге әйгілі музыканттармен бірге ән жазды. Американың The New York Times газеті отандасымыз жайлы мақала да жарияланды. Иманбек өткен жылдың желтоқсанына дейін жергілікті темір жол стансасында жұмыс істеген. 2019 жылдың жазында Saint Jhn атты рэпердің Roses атты әнін тауып, соған ремикс жазуды қолға алады. Бұл композиция үш жыл бұрын шығып қойған болатын. Иманбек әнге ремикс жазып, оны әлеуметтік желіге жариялады. Арада бірнеше ай өткенде ол поп жұлдызға айналды.