Қазақстандық бес боксшы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Сербияда өтіп жатқан халықаралық жарыста 10 отандасымыздың 5-уі сәтті өнер көрсетіп, ақтық кезеңге бір табан жақындады. Олардың арасында Абылайхан Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Махмуд Сабырхан, Серік Теміржан және Теміртас Жүсіпов бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бокстан жартылай финалға алғашқылардың бірі болып Махмұд Сабырхан шықты. Ол ширек финалда бразилиялық Майкл Тринидадпен кездесіп, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 5:0.
«Ендігі қарсыласым – Үндістан боксшысы. Әлі де босаңсымай, жартылай финалда сол қарсыласымды жеңсем, финалға шығамын... Финалда жеңімпаз атанып, қазақтың көк туын желбіретіп, әнұранын ойнатамын деген мақсатым бар», – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Махмұд Сабырхан.
Көпшілік үміт күткен Абылайхан Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов та сенімді ақтады. Ұлттық құрама капитаны ширек финалда монғолиялық боксшымен қолғап түйістіріп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал 51 келі салмақта сынға түскен Сәкен азулы қарсыласы колумбиялық Юбергуен Мартинезпен жұдырықтасып, келесі айналымға өтті.
«2019 жылы қола медаль алғанмын. Кеше Токио олимпиадасында да қола болып қалды. Енді бұл жаққа алтын үшін келгенбіз. Бұйырса, бала кезімдегі арманымның орындалуын екі-ақ қадам қалды», – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Сәкен Бибосынов.
«Қарсыласым өте азулы жігіттердің бірі болды. Моңғол боксшысымен 2016 жылы кездескен болатынбыз. Одан кейін түрлі салмақта бокстасып жүрдік», – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Абылайхан Жүсіпов.
Айта кетейік, ширек финалға дейін сүрінбей жеткен Асланбек Шымбергенов пен ағайынды Төлтаевтар және Нұрқанат Райыс пен Нұрбек Оралбай жарыс жолын аяқтады.
«Өкінішке қарай, 4-ші орынмен аяқтадық. Қазақ елінен кешірім сұраймыз. Олимпиада да кеткен есемізді қайтарамыз ба деп едік. Өкінішке қарай, бұлай болмады», – деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұрқанат Райыс.
Ал жартылай финалға өткен боксшылар саны бойынша Қазақстан, Ресей және Куба мемлекеттері көш бастап тұр. Үшеуінде де 5 боксшыдан бар.
Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы